24.11.2017, 14:27

Алматыда тәрбиесі қиын балалардың мәселесін шешуге арналған семинар өтті

Медеу аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Тағдыр талқысына ұшыраған кәмелеттік жасқа толмаған балалардың мәселелерін шешу жолдары» атты семинар-кеңес болып өтті.

Кеңеске Алматы қаласы Білім бас­қармасы  Рухани-адамгершілік тәрбие және өзін-өзі тану бөлімі басшысы Нұргүл Тау, Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы «Кризистік орталығының» дирек­торы, «Кризистік орталықтар одағы» бас­қармасының төрағасы Зүлфия Байсақова, психология ғылымының докторы, Ақмарал Дәулетова,  Алматы қалалық ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева, Медеу ау­даны ювеналды полиция бөлімінің бас­шысы, полиция майоры Ербол Рақысбаев, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры Айгүл Есімбекова, «Гриннет» ЖШС-нің дирек­торы Абылайхан Жақанов, дәрігер Мадина Разақберлина қатысып, көтерілген мәселелерді талдады.

Сонымен қатар, семинар-кеңеске аудан мектептерінің  директорлары, тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары, әлеу­меттік педагогтар, мектеп психологтары, ата-аналар қауымы қатысты. Семинарда балалар арасындағы қаңғыбастық, олардың қараусыз кеткендігі, өзіне қол жұмсауға әрекеттену сынды өзекті мәселелер талқыланды. Семи­нар жұмысын Медеу аудандық Білім бө­лімінің басшысы Ағайша Сапарова жүргізіп отырды. Өз сөзінде ювеналды полиция бөлімінде есепте тұрған оқушылардың көпшілігі  жаз айларында үйлерінен із-түзсіз кетіп қалатыны туралы айтты. Сонымен бірге, кәмелетке толма­ғандардың мінез-құлықтары және оларды тәрбиелеу жөнінде де тоқталды:

– Біріншіден, девиантты мінез-құлық – балалардың мінез-құлықтарының жалпыға ортақ ережелерден  ауытқитын әлеуметтік іс-әрекет, қабылданған құқықтық немесе моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-құлқы. Екіншіден,  девиантты мінез-құлық – ол агрессивті күй көрсететін, мұғалімге қарсы шығатын, өз бетімен әр нәрсеге көңілі түсіп жылай беретін балалар. Ал криминалды мінез-құлыққа – ұрлық, адам өлтіру, тонау, суицид, т.б. жатады. Осы мінез-құлыққа тоқтала отырып: «Баланың психо-әлеу­меттік дамуындағы ауытқушы­лықтардың негізгі факторларының бірі – ата-ана екендігі даусыз», – деп  Ағайша Әмірқызы ойын ортаға салды.

Ата-аналардың өз балаларына өте аз уақыт бөлетіндігінен, мейірім мен сүйіс­пеншіліктің аздығынан бала мен ата-ана арасында түсініспеушілік туындайды. Әр­бір маман – ұстаз, баланың кейбір мінездік кемшіліктерін түзетіп қана қоймай, оларды қоғамға бейімдей  өмір сүруіне тәрбиелей білу керек, – деп ойын түйіндеді.

Алматы қалалық ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Лейла Әліпбаева:  – Қазіргі таңда орын алып жатқан ұрлық-қарлық, ішімдік, бопсалау мен әлімжеттік көрсету, төбелес ұйымдастыру, тіпті оның салдары кісі өліміне ұласуы жасөспірімдер арасынан жиі көрініс табуда. Көбінесе мұндай жағдайларды ата-аналар өздерінің жұмысбасты болуымен түсіндіріп жатады. Қоғамға залалын тигізіп отырған осындай жағдайлармен күресу сіз бен біздің басты міндетіміз, – деді.

Сонымен қатар, психология ғылымы­ның докторы, Ақмарал Дәулетова: балалар ата-аналарының назарынан тыс қалуынан, мейірім мен ықыласқа бөленбеуінен және  ортақ әңгімелесудің жетіспеушілігінен суицидке ұшырап жатады. Мұндай балалардың іс-қимылынан психологиялық өзгерістерді байқауға болады. Кейбіреулері өздеріне әдейі қол жұмсаймын деп ашықтан-ашық қорқытады» десе, «Гриннет» ЖШС-нің директоры  Абылайхан Жақанов «ата-аналарға 1000 теңге көлемінде кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін кешкі сағат 8.00-ден  таңғы сағат 8.00-ге дейін байланыс телефон­дарына шектеу қоюға болатынды­ғының жәй-жапсарын» түсіндіріп берді. Дәрігер Мадина Разақберлина қыз бала­лардың жыныстық даму жас ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қорының директоры А.Есімбекова семинарға қатысушылардың қойған сұрақтарына  жауап берді.  Маман пилоттық тәртіптегі «Ресурс» диагностикалық талдау орталығының жұмысына тоқталып, сауал­намаға қажетті мөлшерде 11–18 жас аралы­ғындағы жасөспірім балалар қатысқанын, ол балалардың жауаптары қатаң құпияда сақталатынын, қазір талдау болып жатқанын айтып, нәтижесі алдағы уақытта жария­ланатынын айтты. Қоғамда қордаланған мәселелер талқыланып, алдағы уақытта осындай басқосуларды жиі өткізіп тұру жөнінде шешім қабылданды.

Рая ЕСКЕНДІР.