ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі қазақстандықтарға түрлі игіліктер сыйлауда. Ел аумағында бұл күні ондаған әлеуметтік нысан ашылып, пайдалануға берілді. Бұл жақсылықтардан Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары да шет қалған жоқ. Өңірде балабақшалар мен тұрғын үй пайдалануға беріліп, азық-түлік арзан бағамен сатылды. Енді осылар жайында толығырақ.
Оңтүстiк Қазақстан облысының тұрғындары Тұңғыш Президент күнiн лайықты еңбек табыстарымен атап өттi. Бұл күндi барлық еңбек ұжымдары ерекше көңiл-күймен, тың серпiлiспен тойлады.
АРЫСТА ЕКI БАЛАБАҚША, ФАП САЛЫНДЫ
Тұңғыш Президент күнiне орай, бүлдiршiндерге арналып Арыс қаласында 100 орынды «Оразалы ата» және Байырқұм ауылдық округiнде 75 орынды жекеменшiк мемлекеттiк әрiптестiк аясында «Самұрық» балабақшалары пайдалануға берiлдi.
Сондай-ақ, Саналы және Шағыр ауылдарында фельдшерлiк-амбулаториялық бекеттер пайдалануға берiлдi.
ТАУАРЛАР ЕКI ЕСЕ АРЗАН САТЫЛДЫ
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi күнiне орай азық-түлiк тауарларына қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Жәрмеңке түрiнде өткiзiлген шарада тұрғындар тауарларды нарықтағы бағадан 2 есе төмен бағада сатып алды.
Қаладағы баға саясатын тұрақтандырып, тұрғындарға мерекелiк көңiл-күй сыйлаған акцияны облыс пен қала әкiмдiгi ұйымдастырып отыр. Мұнда 300-ге жуық кәсiпкер өз өнiмдерiн қала тұрғындарына арзан бағада ұсынды. Онда тек сатып алушыға ғана емес, тауар өндiрушi мен шаруаға да қолайлы жағдай жасалды.
«АСТАНА» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНI ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛДI
Тұңғыш Президент күнi мерекесi қарсаңында Шымкентте «Астана» тұрғын үй кешенi пайдалануға берiлдi. Осылайша шымкенттiк 96 отбасы баспаналы болды. Олар негiзiнен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiнiң» салымшылары.
Тұрғын үй кешенiнiң ашылу салтанатына қатысқан облыс әкiмi Ж.Түймебаев жаңа қоныс берекелi және ырысы мол үлкен ордаға айналуын тiледi.
«Шымкент» әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясы» АҚ арқылы қаланың әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында тоғыз қабатты 4 тұрғын үй кешенi бой көтердi. Оның екеуi осы жолы тапсырылса, қалған екеуi келесi жылдың бiрiншi тоқсанында пайдалануға берiлмек. Жобаның жалпы құны 2,75 млрд. теңгенi құрайды. Берiлген 2 үйдiң жалпы аумағы 7200 шаршы метрден асады. Жанға жайлылығы жағынан екiншi санатқа жатады. Бiр бөлмелi пәтердiң өзi 56 шаршы метр. Бiр шаршы метрiнiң құны – 180 мың теңге. Несиенiң жылдық пайыздық мөлшерлемесi – 5-10 пайыз аралығында. Мұнда барлық жағдай жасалған, құрылыста инновациялық технологиялар қолданылды. Сондай-ақ, үйдiң жертөлесiнен көлiк тұрағы да қарастырылған.
Жалпы, Оңтүстiк Қазақстан облысында жыл басынан берi 525,4 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 5189 пәтер пайдалануға берiлдi. Ал, облысқа белгiленген жоспар 550,6 мың шаршы метр болса, демек, жыл қорытындысында жоспар артығымен орындалады.
Оңтүстiк Қазақстан облысының тұрғындарын қолжетiмдi тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Шымкент» ӘКК» ҰК АҚ құрылысқа 1,2 млрд. теңге көлемiнде инвестиция салған елiмiздегi алғашқы әлеуметтiк корпорация болып отыр.
АУРУХАНА ЖАНЫНАН ҚОСЫМША ҒИМАРАТ АШЫЛДЫ
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан 3 қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық-ота жасау корпусы пайдалануға берiлдi (суретте).
Аталған денсаулық сақтау нысанының ашылу рәсiмiне облыс әкiмi Ж.Түймебаев қатысып, барша медицина саласының қызметкерлерiн Тұңғыш Президент күнi мерекесiмен құттықтады. Сонымен қатар, әкiм мекеме ұжымына жаңа жедел жәрдем автокөлiгiн сыйға тартты.
– Жаңадан салынған корпус науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшiн заманауи медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы құралдармен жабдықталып отыр. Аурухана 2013 жылдан бастап инсульт кезiнде миға және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауға қол жеткiзiп, сол уақыттан берi мұнда 630 ота жасалынды. Бұдан бөлек, қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы базасында 90 бүйрек пен 13 бауыр ота жолымен алмастырылды, – дедi Ж.Түймебаев.
Аталған жаңа корпус 2 жылда салынып, iске қосылып отыр. Бiрiншi қабатта әкiмшiлiк пен қабылдау, зертханалық-диагностикалық бөлiмдер бар, екiншi қабатында палаталар мен реанимация бөлiмi, ал, үшiншi қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлiмi мен бүйрек, бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлiмi орналасқан. Сондай-ақ, емделушiлер үшiн стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Толықтай халықаралық талапқа сай етiп салынған ғимаратта қарапайым есiктердiң өзi автоматты жүйеде жұмыс iстейдi. Ал, ота бөлiмдерiнде барлық түрдегi отаны жасай беруге болады. Мұнда қойылған құрылғылардың барлығы – отандық өнiм.
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс тұрғындарына тәулiк бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел, жоспарлы медициналық көмек көрсететiн көпсалалы стационар болып табылады.
«МЕТАЛЛУРГТЕР» САЯБАҒЫ ҚАЙТА ЖӨНДЕУДЕН ӨТТI
Шымкент қаласында жөндеу жұмыстарынан өткен «Металлургтер» саябағы қайта пайдалануға берiлдi. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнi мерекесiне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ж.Түймебаев пен Шымкент қаласының әкiмi Нұрлан Сауранбаев қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған өңiр басшысы тұрғындар мен қонақтарды мерекемен құттықтап, қайта жаңғыртылған саябақтың 60 жылдық тарихы бар екенiн атап өттi.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы баршамызды жаңғыруға, жаңаруға шақырады. Рухани жаңғыру өзiмiздi құрметтеуден басталады. Қаламызды таза ұстасақ, мәдениетi жоғары болса, тұрмысымыз жетiлiп отырса, осындай саябақтарда аналарымыз, апаларымыз, балаларымыз қыдырып, демалып жүрсе, қандай ғанибет! Рухани жаңғырудың бiр белгiсi осы болса керек. Дәл осындай саябақтардың қатары жыл санап артып келедi. Қазiргi таңда бұрынғы қорғасын зауытында 40 гектар аумақта жаңа демалыс аймағының құрылысы жүрiп жатыр, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.
Саябақтың ашылу салтанатында Елбасының курстасы Аманәлi Әбдiраманов та сөз сөйлеп, тұрғындардың атынан ыстық ықыласын бiлдiрдi.
Айта кетсек, Шымкент қаласындағы «Металлургтер» саябағының iргетасы 1957 жылы қаланған. Қалпына келтiру жұмыстарынан соң саялы мекеннiң аумағы 3,6 гектардан 5 гектарға дейiн ұлғайды. Демалыс аймағында соңғы үлгiдегi жарық шамдар мен қоқыс жәшiктерi орнатылып, келушiлерге көтерiңкi көңiл-күй сыйлайтын субұрқақ та салынған.