01.02.2018, 03:48

Үйін жылыта алмаған Астана тұрғыны балаларын жетімдер үйіне өткізіп жіберген

Астанада Иманов пен Брусиловский көшелерінің қиылысындағы көпқабатты тұрғынүйді салған компания ғимараттың жертөлесіндегі қабатты өздігімен пәтерлерге айналдырып жіберген. Алайда, құрылысшылар бұл пәтерлерге жылу қостыруды ұмытып кетіпті. Соның салдарынан осында тұратын отбасы балаларын жауратып алмайын деп, оларды жетімдер үйіне өткізіп жіберді деп жазады elorda.info.

Мұндай жаңалықты Астанада өткен тұрғынүй құрылысы жөніндегі комиссияның ведомствоаралық жиынында комиссияның мүшесі Татьяна Чурсина мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған үйдегі 19 пәтерде жылу жоқ.

«Осында тұратын әйел өзінің балаларын жетімдер үйіне өткізіп жіберген. Өйткені, бөлмелердегі суықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ит байласа тұрмайды. Міне, жағдайлары осындай», - дейді Татьяна Чурсина.

Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, аталған үйдің мердігері мен құрылысшы компаниясы былтыр әкімдікке келіп, заңсыз салынған пәтерлерді сатпауға уәде берген екен.

«Біз осында құрылыс компаниясы мен мердігерді шақырттық. Мердігер ресми түрде өздерінің заңсыздық жібергенін мойындады және ол пәтерлерді сатпауға уәде берді. Мұның бәрі хаттамаға түсірілген. Алайда, үй салынып біткеннен кейін олар өз еріктерімен пәтерлерді тұрғындарға сатып жіберді. Енді үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тексеріліп жатыр», - деді Сергей Хорошун.

Жертөледен салынған пәтерлердің тұрғындары жылу былай тұрсын, әліге дейін өз меншіктерінің құжаттарын ала алмай жүр. Әкімдіктегілер болса аталған проблеманы шешу үшін арнайы жұмыс комиссиясын құруды ұсынды.