Ақтөбеде үйін су алып кеткен тұрғын жергілікті билік өкілдеріне наразы. Жыл сайын қайталанатын табиғи апатты алдын ала алмағаны өз алдына, құтқарушылар оның жанайқайына да құлақ аспапты. Амалы таусылған азамат ТЖД мамандары мен әкімдіктегілерге әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жолдап отыр.
Есік аузында отырып, етігін сыққан ақтөбелік тұрғын үйінің апатты жағдайда тұрғанын айтады. Су тізеден жоғары деңгейге дейін жетіпті.
«Қала ортасында тұрып, суға батып жатырмыз. 112-ге хабарласып едім, ондағылар тасқын кезінде көмек көрсету орталығына сілтеді. Олардың екі телефон номеріне қоңырау шалдым, екеуін де ешкім көтермейді. Сонда егер үй құласа біз естімедік деп жауапкершіліктен құтылып кете ме? Айтыңдаршы, қаланың ортасында мынадай үйде қалай өмір сүруге болады? Сонда мен міндетті түрде әкімдікке барып, әкімге проблемамды айтуым керек пе? Ең болмаса телефон тұтқасын көтеріп, техника жоқ деп айтса да болады ғой», - деп ашынды Ақтөбе тұрғыны.
Көктем уақытында жыл сайын қайталанатын бұл проблема халықтың әбден зығырын шығарған. Еске сала кетсек, былтыр сәуір айында Ақтөбе облысының біраз ауданын су алып, халықты әурешілікке салған болатын.