2018 жылғы наурыздан бастап жеке су есептеуіш құралы жоқтар артық шығынданатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана су арнасы» қалалық коммуналдық шаруашылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мәселе тарифтің қымбаттауында емес, бұл суды тұтынуды есептеудің жаңа нормасын пайдалануға байланысты. Жаңа әдіс өздері салған үйде тұратын тұрғындарды су есептеуіш құралды орнатуға итермелейді. Норма Астана қаласы әкімдігінің №367-70 қаулысымен (заң органдарында 2018 жылғы 30 қаңтарда № 1157 нөмірімен тіркелген) бекітілген», - делінген хабарламада.
Жаңа норма енгізілген соң судың бағасы 100 процентке қымбаттауы мүмкін. Мұның көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын, жалпыға ортақ су есептеуіш құралдарды пайдаланатын тұрғындарға қатысы жоқ. Тариф өзгеріссіз қалады.
«Жаңа әдіс Қараөткел, Энергетик, «Юго-Восток», Шұбар және Көкталда тұратын су есептеуіші жоқ 15 мың абонентке қатысты. Есептеуіш болмаған жағдайда, жан басына айына 10 мың литр су - норма. Бірақ, шындығында, ешкім онша су тұтынбайды. Бір адам айына небәрі 3-5 текше метр жұмсайды. Артық шығын не үшін керек? Ал норманы тәулігіне 332 литрден 600 литрге дейін көтердік», - деп түсіндірді «Астана су арнасы» баспасөз орталығының басшысы Назгүл Тәліпова.
Алдын ала есептеулерге қарағанда, жеке тұрғын үй иелері үшін жан басына шаққандағы су бағасының өсімі 1500 теңгені құрайды. Осы норма тұрғындарды жеке есептеуіштерді орнатуға итермелеудің тиімді тетігі ретінде енгізіліп отыр. Негізінде есептеуіш орнату әрбір тұтынушының заңды міндеті болып табылады.
«Біз тұрғындардың есептеуіш орнатқанын қалаймыз. Ол қымбат емес, бағасы 7 мың теңгеден басталады. Үйіне бақылаушы келіп мазасын алғанын қаламайтындарға радиомодульді есептеуіш орнатуға кеңес береміз. Бақылаушы ондай құралдан 10-20 метр арыда тұрып-ақ мәлімет ала береді», - дейді Назгүл Тәліпова.