$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда былтыр 15 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған

Алматы қаласы Аймақтық коммуникациялар қызметінде 2017–2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен жаңа форматтағы әлеуметтік көмекті жүзеге асыру мәселелері бойынша өткен баспасөз брифингінде Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев осылай дейді.

Журналистермен болған бұл сұхбаттасуға басқарма басшысымен бірге Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Мейрам Сүйіндіков қатысты.

Жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселе қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі болғандықтан болар, журналистердің осы екі салаға жауапты басшыларға қоятын сауалдары аз болған жоқ.

Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету, мұқтаж азаматтарға арнаулы көмектер көрсету, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген басшы­лардың берген мәліметіне сүйенсек, қала­мыздағы жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жаман емес көрінді.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша қазіргі кезде жұмыссыз адамдар саны 8600-ды құрайды екен. Өткен 2017 жылы халықты жұмыспен қамту шараларымен 34 708 адам қамтылыпты. Тегін кәсіптік білім алуға 2500 9–11 сынып оқушылары тартылса, қысқа мерзімді оқуларға 3004 адам жіберілген. 15 374 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 4060 адам уақытша жұмыс орындарына жіберілген.

Өткен жылы жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға несие беру мақсатында бюджеттен бірінші рет қомақты қаражат бөлінген болатын. Бұл мүмкіндікті пайдаланған 43 адамға 662 миллион теңге көлемінде шағын несие беріліпті. Ал биылғы жылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 150 азаматқа 100 АЕК көлемінде грант беру қарастырылып отыр екен. Жаңа форматтағы әлеуметтік көмек қаладағы 287 отбасына тағайындалыпты.

Әңгіме барысында өздерінің әлеуметтік мәртебелерін анықтамауға асығыстық танытпай жүрген азаматтар мәселесі де сөз болды. Олар өздерінің табыс көзін жасырғанмен, өздеріне тиесілі әлеуметтік игіліктерді пайдаланудан тыс қалады. Зейнетақы қорына, МӘМС қорына жарна төлеуден қалып қояды. Ал бұл дегеніңіз, ең алдымен, адамның өзінің жеке басына көптеген кедергі келтіреді.

Өздеріңіз білесіздер, келер жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесі ендірілетін болса, жұмыссыз ретінде тіркелмеген азаматтар медициналық көмектен сырт қалып қоюы мүмкін дейді Алматы қалалық Жұмыспен қамту басқармасының басшысы Мейіржан Батырбекұлы.

Қазір Алматы қаласы бойынша әлеуметтік мәртебесі анықталмаған азаматтардың 600-і ғана келіп, жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтқан Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Мейрам Сүйіндіков азаматтарды әлеуметтік мәртебелірін анықтап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларға қол жеткізулерін ескертті.

М.Отыншиев өз сөзін күні кеше ғана тұсауы кесілген «Белсенді ұзақ өмір сүру» жол картасы төңірегіндегі жақсы әңгімелерімен қорытындылады. Бұл жиын­нан түйгеніміз, енді әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген қала тұрғындары жәрдем­ақыға арқа сүйемей, еңбек етуге бейімделмек. Тиісті сала қызметкерлері ұсынған жұмыстан бас тартқан жағдайда, еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасы әлеуметтік көмектен құр қалуы да әбден мүмкін.

Аталған жаңа жүйе әлеуметтік көмек алушылардың әлеуметтік жауапкершілігінің өсуіне, жұмыс іздеуге және өзін-өзі қамтамасыз етуге деген құлшы­ныстарын арттыруға, сондай-ақ, аз қамтылған азаматтардың ел экономикасына және қоғам өміріне қатысу деңгейін арттыруға ықпал етеді, дейді халықтың әлеуметтік ахуалына жауапты сала басшылары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары