22.06.2015, 18:00

Отан үшін от кешкен

Фото: astana-akshamy.kz

Адамзат тарихында жеңістер көп. Бірақ солардың ішінде мән-маңызы жөнінен шоқтығы биігі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс. Бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанымызға биыл 70 жыл. Ұлы Отан соғысының жеңімпаздары туралы сөз еткенде қазақстандық ғалымдардың ерлігі туралы да айтпай кету мүмкін емес. Қан майданның алдыңғы шебінде өлімге бас тігіп, ерлік көрсетсе, соғыстан кейінгі жылдары отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосып, мемлекетіміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен жанның бірі – Абдулла Арипов.

Ол 1912 жылдың қазан айында Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Ленин ауылында дүниеге келді. Алты жасында – әкесінен, он үшінде анасынан айрылу кімге оңай соқсын?! Анасы дүние салған соң Абдулла бірнеше ай ағасының үйін паналады. Бірақ оқуға деген зор ынта-ықыласының арқасында 14 жасар жасөспірім 1926 жылдың қарашасында Шымкент қаласындағы Н.К.Крупская атындағы балалар үйіне қашып келеді. Араға екі жыл салып Шымкент ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Әйткенмен, отбасы жағдайына байланысты техникумды тәмамдай алмады. Кейін Ленгір ауданындағы Ворошилов атындағы 8 жылдық мектепке мұғалім болып орналасты.

Алмас кездік қын түбінде жатушы ма еді, Абдулла Әлімбайұлы 1933 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының (ҚазПИ) физика-математика факультетінің студенті атанды. Үздіктердің қатарынан көрінген оны бір жылдан кейін-ақ жаңадан ашылған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ауыстырды. Өкінішке қарай, тағы да отбасы жағдайына орай оқуын тастауға мәжбүр болып, 1939 жылы Қызылорда облысының халық ағарту бөлімі қарамағындағы мұғалім әрі педагогика курстарының меңгерушілігіне қабылданды.

1940 жылдың ақпан айында А.Арипов әскер қатарына шақырылды. Тағдырдың жазуы солай шығар, Отан алдындағы борышын өтеп жүріп фашистік Германияға қарсы соғысқа аттанды. Қанды шайқасқа бастан-аяқ қатысты. Әуелі Батыс майданындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныстың 35-ші зениттік артиллерия дивизионында аға сержант болып, 76 миллиметрлік алысқа ататын зениттік артиллериясында зеңбірек командирі ретінде майдан жорығында жүрді. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде А.Арипов 310-шы бөлек атқыштар дивизиясындағы 592-ші зениттік артиллерия дивизионының құрамындағы 37 миллиметрлік жартыавтоматтық зенит зеңбірегінің командирі болып, Ленинград майданына ауыстырылды. Айбынды батыр 1941 жылғы 20 желтоқсанда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

1942 жылдың 8 мамырында 310-шы атқыштар дивизиясының 860-шы полк артиллериясына әскери батарея комиссары болып тағайындалды. Жарты жылдан соң Волхов майданында 288-ші атқыштар дивизиясының танк бұзар батареясының командирі болып ұрысқа кірді. Ал, 1943 жылдың 4 маусымында қазақтың қайсар ұлы Иркутск қаласындағы 34-ші зениттік артиллериясы офицерлер құрамының оқу полкына қайта дайындыққа жіберіледі. 1944 жылы 27 маусымда Абдулла аға Батыс майданындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныстың 1573-ші зениттік артиллерия полкына атыс взводының командирі болып тағайындалды. Осы полк құрамында жүріп, Ұлы Жеңісті қарсы алды. Тек 1945 жылдың 30 қазанында ғана Кеңес Армиясы қатарынан босатылды.

Соғыстан кейінгі жылдарда есеңгіреген ел, тұралаған шаруашылықпен қатар отандық білім-ғылым саласы да аса ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқан-тын. Осындай қиын кезеңде елге оралған майдангер-ғалым ә дегенде Алматы облыстық халық ағарту бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Соңыра ҚазКСР Ғылым Академиясы Астрономия және физика институтының кіші ғылыми қызметкері ретінде ғылымға бет бұрған А.Әлімбайұлы 1951 жылдың қыркүйегіне дейін Алматы ауыл шаруашылығы институтында физика кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. Араға екі ай салып КСРО Ғылым Академиясының П.Н.Лебедев атындағы физика институтына аспирантураға түсті. 1954 жылғы 28 маусымда кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан ол ҚазКСР Ғылым Академиясы Геология ғылыми институтының спектрлік зертханасының меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Академик Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен А.Арипов 1956 жылы шілде айында Шымкент қаласына отбасымен көшіп келді. Шымкент педагогикалық институтына жұмысқа қабылданды. Соғыс кезіндегі жер аударылған ғалымдардың барлығы өздерінің тұрғылықты жеріне қайтарылғандықтан, мұнда ғылыми дәрежесі мен атағы бар оқытушылар жоқтың қасы-тын. Мәскеудегі аспирантураның күндізгі бөлімін бітірген А.Әлімбайұлы институттағы жалғыз техника ғылымдарының кандидаты болды.

Дәл осы тұста физика-математика факультетінде жүйелі даму байқала бастады. Оқу-материалдық база нығайып, ізденімпаз ғалымдар шоғыры пайда болды. Әбекең «Жалпы және теориялық физика» кафедрасын табан аудармай 16 жыл басқарды.

1958 жылы оның бастамасымен атомды физика және қолданбалы оптика физикалық практикумының зертханасы тұңғыш рет осы институтта ашылды. Ғылымға жан-тәнімен берілгендігі соншалық, зертханаға қажетті көптеген құралдарды ол өзінің жалақысына сатып алатын. Біртуар ұстаз болашақ физиктердің терең білім алуына мүмкіндік туғызып, машинатану зертханасының, электротехника, радиотехника, ұста шеберханасы ісінің, қолданбалы оптика және атомды физика практикумының негіздерін жасады.

1966–1968 жылдары Абдулла Әлімбайұлы үлгілі мектептегі физика кабинетінің материалдық базасын қалыптастырды. Өзінің еңбекқорлығының арқасында 1973 жылы жаңадан «Жалпы физика» кафедрасын ашты. Физиканың жартылай өткізгіштік және кванттық физика зертханасына арнаулы физикалық практикум зертханасының негіздерін құрды.

Өзі ата-анасыз өсіп, өмірдің кермек дәмін ерте татқандықтан болар, жүрегі кең азамат сүрінгенге – сүйеу, жығылғанға демеу бола білді. Көмекке мұқтаж талай шәкіртіне қамқорлық танытып, қол ұшын созды. Әріптестері осынау қадір-қасиетін әлі күнге дейін жыр қылып айтады. «Абдулла Әлімбайұлы Мәскеуден әрдайым пойызбен келетін. Біз «мұнысы несі? Үш тәулік бойы қалайша зерікпейді?» деп түсінбейтінбіз. Бір күні ол кісіні вокзалдан қарсы алдық. Вагон өткелінде купеден шығарылған үш қап тұр. «Қаптарды алып шығыңдар!» деді-дағы, өзі шабаданын алып түсіп кетті. Аң-таңбыз. Бар ойымыз: «Қаптың ішінде не бар?». «Енді осыларды кафедраға жеткізіңдер!» деді. Сөйтсек, әлгі қаптардың ішіндегі өз қаражатына алған кітаптар мен әртүрлі физикалық құралдар екен» дейді көзкөргендер.

А.Арипов Мәскеудің жоғары оқу орындарынан ғалым-кеңесшілерді тауып, мұғалімдердің ғылыми тұрғыдан өсуіне көмектесті. Тіпті, химия ғылымдарының докторы, профессор Л.М.Иванцовты арнайы шақырып, Шымкент педагогикалық институтының кадрларын тәрбиелеуге мол үлес қосты. Жас ғалымдардың мансабын жоғарылатуға септігін тигізді. Ал, 60 жасқа толғанында күш-қуаты мол бола тұра Абдулла ақсақал кафедра меңгерушілігінен өз еркімен бас тартып, лауазымын шәкіртіне тапсырды. Дегенмен, мұнан кейін де 14 жыл бойы кафедра доценті болып еңбек етті.

Жары Рабиға апамызбен бірге 6 перзент тәрбиелеп, өсірген ардақты азамат 1994 жылы сәуірдің 17-сінде 82 жасында өмірден озды.

Расында да, Абдулла Әлімбайұлы саналы ғұмырында еліне адал қызмет етті, Отанын қорғады. Ұрпаққа үлгі боларлық іс тындырды. Халқының рухани дамуына еңбек сіңірді. Сол үшін де оны замандастары аузынан тастамайды. Ұдайы еске алып отырады. Қазіргі таңда А.Ариповтың есімі Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалындағы Отан қорғаушылардың тізіміне енгізілген. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы да!