Жуырда ғана Астанада VIII экономикалық форум өтіп, оған әлемнің 90-нан аса елінен кәсіпорындардың атқарушы директорлары, саясаткерлер, ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысты. Атап өтерлігі, осы жиында шетелдік сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған «100 нақты қадам» атты Ұлттық жоспарды өте жоғары бағалады.
Осы форумына Ресейден келген Таяу Шығыс институтының президенті Евгений Сатановский «Нұрсұлтан Әбішұлы әуел бастан өзінің маңайына білікті кадрларды таңдай білді. Бір адамның қолынан көп нәрсе келмейді. Ал Назарбаев командасы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, Қазақстанның экономикасын реформалау мақсатында аса зор жетістіктерге қол жеткізді», - деді.
Бүгінде елімізді әлемдегі дамыған отыздықтың құрамына енгізу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына, ұлттық идеясына айналып отыр. Осы мақсатқа жету үшін жасалатын 5 реформаны, 100 нақты қадамды Елбасы айқындап берді. Осы реформада ешбір мәселе тыс қалмаған. Соның бірі - кәсіби мемлекеттік аппаратты құру. Өйткені, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, адал да елжанды мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Енді мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Мұндай тәжірибе бізде болған, енді соған қайта оралып отырмыз. Бұл - мемлекеттік қызметшінің маман ретінде қалыптасуына, халықпен тығыз жұмыс істеуге, тұрғындардың мұң-мұқтажын түсінуге үйретеді.
Мен мемлекеттік қызметте 40 жылдай істеген адаммын. Оның жиырма жылы кеңестік мемлекеттік қызмет жүйесінде өтті. Кеңестік дәуір десе, кейбіреулердің үрке қарайтыны бар. Алайда, ол кезеңде кадр мәселесіне өте қатты көңіл бөлетін. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман еңбек жолын ең төменгі жұмыстан бастап, өзін көрсете алса біртіндеп сатылап өсетін. Комсомол, партия жұмысына араласып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетсе, оны жоғары жақтағылар да бақылап, мемлекеттік қызметке шақыратын. Бүгінде жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас маман немесе өмір бойы басқа салада еңбек еткен азаматтардың бірден жоғары лауазымдарға тағайындалып жататынын көріп жүрміз. Мемлекеттік қызметтің қайнаған қазанында піспеген, тәжірибесіз маманның сапалы, кәсіби жұмыс істеуі екіталай дүние. Мұндай жағдайлар мемлекеттік қызмет мәртебесінің төмендеп кетуіне апарып соққанын несіне жасырайық?!
Кеңестік мемлекеттік қызмет жүйесінде маман туралы теріс пікір айтылды ма, ұйымдастыру бөлімі оның аты-жөнінің тұсына сол пікірді енгізіп қоятын. Жазбаның тұсына қызметке кім ұсынғаны да енгізілетін. Егер сол мемлекеттік қызметкер бір кемшілік жасаса, оны ұсынған адам жауап беретін. Қазір біреу жиенінің, екіншісі баласының қолынан жетектеп жүр. Ал, бес халықтық реформа осы кемшіліктерді жояды деген сенімдемін.
Мемлекеттік қызметте қырық жылдық тәжірибесі бар азамат ретінде мынаны айтқым келеді: мемлекеттік қызметкерге білімді, білікті болу аз, ол елжанды болуы керек. Еліне жаны ашитын азамат қоғамда орын алып отырған кемшіліктермен күресе алады. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде академик Т.Шорманов қоғамда орын алып отырған проблемаларға тоқталыпты. Ол кісі ғылым саласындағы кемшіліктерді айтыпты. Расында да, бүгінде біздің арамызда бес академияның академигі деген атақтары бар азаматтар жүр. Сорақысы сол, біз сол атақтарын той-томалақта айқайлап айтатын болдық. Кеңес одағы тұсында ғалым болу инемен құдық қазғандай еді. Дипломды, атақты сатып алуға болатынын көріп өскен бала қайдан сабақ оқысын?
Атақ дегеннен шығады, біздің арамызда бес-алты ауданның «Құрметті азаматы» атағын алғандар жүр.Олардың сол аудандарға ешбір еңбегі сіңбегенін жастар көріп-біліп отыр. «Құрметті азамат» қолжетімді болмау керек. Қазір соны сұрап, араға адам салып алатын болды. Сонда біз жастарға не өнеге беріп отырмыз? Сондықтан халқының болашағын ойлаған, елінің қамын жеген мемлекеттік қызметкер осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қоя білуі керек.
Мені бала тәрбиесі қатты алаңдатады. Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп не колледж оқушылары арасында суық қару қолданып, бір-бірін өлтіру фактілері жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сол мекеменің басшысы қызметінен кетіп, ата-анасы қоғамдық талқыға түсуі керек. Сонда олар өз жауапкершіліктерін түсініп, келеңсіздіктерге тоқтам болар еді. Жастар – біздің болашағымыз, Елбасы ұсынған 5 реформа, 100 қадамды іске асыратын - солар. Сондықтан біз жалаң сөзді қойып, осы реформаны жүзеге асыруда нақты істерге көшуге тиіспіз. Елбасы ұсынған реформаны сырттан біреу келіп жасамайды, оны жүзеге асыратын – сіз бен біз. Бұл орайда немқұрайдылықты қойып, қоғам болып, жұмыла кіріскен абзал.
Сұлтанбек СҮГІРБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты