Баршаға мәлім, қазіргі қазақ жастарының арасында ең кең таралған проблема – жеке баспананың жоқтығы. Үкімет мемлекеттік бағдарламалар аясында қолжетімді тұрғын үй салуды жүзеге асырып отырғанымен, еліміздегі ірі қалалардың барлығында дерлік тұрғын үйдің жетіспеушілігі жылдан жылға күрделеніп барады. Өйткені, халық санының өсімі, жастардың ауылдан қалаға көшуі, бірқатар үйлердің тозуы – жаңа баспанаға деген сұраныстың артуына әкеліп отыр.
Бұл проблеманың ертелі-кеш шешілетіні белгілі. Бұған елімізде жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны себеп бола алады. Мәселен, Атырау облысында бір ғана жылдың ішінде пайдалануға берілген пәтерлер саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Ал, Астанада әр жылы ондаған мың шаршы метр тұрғын үй салынып, ел игілігіне беріліп келеді. Алматы болса, жастар арасындағы баспана мәселесін шешуге ерекше күш салып отыр. Мегаполисте былтыр «Алматы жастары» деген атаумен тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, 100-ден астам отбасыға аса арзан бағада пәтерлер берілген болатын. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге де бөлінген еді. Енді қала билігі биыл аталған бағдарламаның екінші кезеңін іске қосатынын мәлімдеді. Яғни, биыл тағы жүздеген алматылық жас отбасы көптен күткен армандарына қол жеткізеді.
Бағдарлама «2020 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы» аясында жүзеге асып келеді. Былтыр қала басшылары жоба сәтті жүзеге асса, оны келер жылы да жалғастырамыз деп уәде берген болатын. Соған қарағанда, «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы нәтижелі болған сыңайлы.
Бағдарлама 35 жасқа дейінгі кез-келген санаттағы алматылықтарға өз пәтерін сатып алу үшін жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Оны одан әрі жүзеге апсыру мақсатында бүгін Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ынтымақтастық туралы тиісті келісімге қол қойды.
Бағдарлама аясында 2017 жылы 6657 өтініш келіп түсіпті. Оның ішіндегі талапқа сай келетіндері, яғни 108 отбасы тұрғын үй сатып алуға несие алған.
Ал, 2018 жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл соманың былтыр бөлінген қаражаттан екі есеге көп екенін ескерсек, биыл баспаналы болатын отбасылардың саны екі еселенеді деген сөз.
«Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі – пайыздық төлемнің төмендігінде, яғни жобаға қатысушылар жылдық мөлшер 5% болатын 10 млн теңгеге дейінгі жеңілдікпен несие ала алады. Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі төлем қабілетіне қарай 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта жеке жасалынады.
Құжаттарды қабылдау www.almaty-zhastary.kz сайтында жүзеге асады, бағдарлама аясында несиелендірудің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
2018 жылы бағдарламаға бірқатар жаңартулар енгізілді:
Ағымдағы жылы шілденің 9-ы мен 20-сы аралығында бағдарлама аясында өтініштер мен құжаттарды қабылдау жүзеге асырылады.
Бағдарламаға қатысу туралы өтініш www.almaty-zhastary.kz арнайы порталы арқылы қабылданады.
Несие тек бастапқы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді, оны бағдарлама қатысушысы өз бетінше таңдайды.
«Алматы Жастары» бағдарламасы туралы толық мәліметті www.almaty-zhastary.kz сайтынан, Алматы қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы (www.uzh-almaty.kz) және «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (www.hcsbk.kz) телефондары: 300 немесе 8-8000-801-880 (қоңырау шалу тегін), +7 (727) 380 05 23 арқылы білуге болады.