Маңғыстау облысында 2015 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл туралы Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы Орақ Аяпов хабарлады.
«2015 жылы, тұтастай, 500 мың шаршы метр үй салу жоспарлануда, оның ішінде Маңғыстау облысында 1080 шаршы метр жалға берілетін үй, Ақтау қаласында 66992 шаршы метр кредиттік тұрғын үй салынады. 32а шағын ауданында 5580 шаршы метр - жас отбасыларға арналған 120 пәтерлік 2 тұрғын үй, 426 348 шаршы метр коммерциялық және жеке тұрғын үй салынады», - дейді Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, ағымдағы жылы әлеуметтік сала нысандарын салуға 9 млрд 571 млн. теңге бөлінген. 2014 ж. басталғандарды аяқтауға, жаңа білім беру нысандарын салуды бастауға 7 млрд. 144 млн. теңге бөлінді.
«2014 жылы 6 орта мектеп, 15 балабақша, басқа нысандар құрылысына 5 млрд. 850 млн. теңге бөлінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық қаражат игеріліп, пайдалануға 3 білім беру мекемесі енгізілді. Биыл 3 орта мектеп, 13 балабақша салу жоспарланған», - деді Орақ Аяпов.
Облыста денсаулық сақтау нысандарын салуға 2014 жылы 588, 933 млн теңге бөлінді, оның республикалық бюджеттен бөлінген 385 млн теңгеден астам сомасы Ақтау қаласы Өңірлік ана мен баланы қорғау орталығын салуға бағытталды. Жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге 7 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт салуды бастауға жұмсалды. 2015 жылы осы нысандарды салуды жалғастыруға 1 млрд. 675 млн. теңге көзделді. 7 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға енгізілді. Өңірлік ана мен баланы қорғау орталығын салу келесі жылы жалғасады.
Сонымен қатар, 5 мәдениет және спорт нысанының құрылысына жергілікті бюджеттен 751,775 млн. теңге бөлінді.