Қазақстандықтар Беларусьтің Витебск қаласында өткен «Славян базары-2015» халықаралық байқауында екі Гран-при жүлдесін иеленді.
Ересектер арасындағы Гран-приді ақтөбелік Димаш Құдайбергенов иеленсе, осы байқау шеңберінде өткен «Витебск-2015» балалар байқауының Гран-при жүлдесіне ақтаулық Луиза Нұрқуатова лайық деп танылды.
«Ертегілер» вокалдық тобында өнер көрсетіп жүрген 10 жасар Луиза Нұрқуатова қалалық, облыстық, республикалық конкурстарға қатысқан. Ол «Аялаған Астана» эстрадалық орындаушылардың республикалық балалар байқауының ІІ сыйлығының; «Алтын микрофон» халықаралық вокалшылар балалар байқауының І сыйлығының; «Бозторғай-2014» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің гран-при иегері. Астанада өткен Президенттік шыршада өнер көрсеткен.
Айта кетейік, «Витебск-2015» вокалшылар байқауына 17 елден 20 бүлдіршін қатысты. Байқау қонақтары Валерий Меладзе, Ирина Аллегрова, Тамара Гвердцители, Валерий Леонтьев, Григорий Лепс, Әлішер Каримов пен Александр Рыбак тәрізді танымал өнер иелері болды. Байқаудың алғашқы күні Луиза Нұрқуатова қазақ тілінде ән шырқады, екінші күні орыс тілінде «Хорошее настроение» әнін орындады. Байқау қорытындысы бойынша Луиза Нұрқуатова гран-при жүлдесін жеңіп алды.