$ 494.87  520.65  4.91

Маңғыстауда демалушылардың саны 2 есеге артқан

Маңғыстау облысына келетін шетелдік туристердің саны 2013 жылмен салыстырғанда (191 турист), 2014 жылы (453 турист) 2,5 есеге артты. Жергілікті туроператорлар берген бұл ақпаратты Маңғыстау облысы Туризм басқармасының бастығы Гүлжан Байжауынова мәлім етті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша көшпелі туризм өңірде 2013 жылдың деректерімен салыстырғанда, 102,4 пайызға өсті. Бұл 30 мыңға жуық адам», - деп атап өтті ол.

Кендірлі курортын дамытуға қатысты айтар болсақ, келіссөздер үш ірі инвесторлармен жүргізіліп жатқаны нақтыланды.

«ҚР Инвестиция және даму министрлігі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бірлесіп, мүдделі инвесторлар мен девелоперлермен қоса, Маңғыстау облысы әкімдігімен келіссөздер жүргізуде. Әңгіме үш ірі инвесторлар жайында: 1500 орындық екі қонақүй салу мәселесі бойынша «RixosGroup» компаниясымен, «Кендірлі» әуежайын қосқанда, сыртқы инфрақұрылымдарды салу мәселесі бойынша «CITIC Group» инвесторлық компаниясы; барша курортты дамыту мен басқаруға мүдделі мысырлық «ORASCOM» компаниясы», - деп хабарлады Гүлжан Байжауынова.

Компанияның әрқайсысы, оның айтуынша, жобаларды мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар шарттар қоюда.

Айта кетейік, Кендірлі – табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақ Каспий теңізінің оңтүстік шығысында орналасқан өлке.   Бұл жерге қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден келіп демалатындар көп.   Жаңаөзен қаласынан – 70, Ақтау қаласынан 210 шақырым қашықтықта орналасқан демалыс орнына 1700 гектар жер бөлінген. «Кендірлі» туристік инфрақұрылымын 11 жылдың ішінде – 2009-2020 жылдар аралығында толықтай бітіру көзделген.  

«Кендірлі» медициналық-сауықтыру орталығы төрт корпустан тұрады. Біріншісі әрі төртіншісі ем шараларын жасау мен физио-бөлмелерге арналса, екінші және үшінші бөлімдері жатын бөлмелерге сай жасақталған. Айта кететін жайт, жатын бөлмелер екі орынды әрі бір орынды болып бөлінеді. Бөлмелерде жеке гигиеналық тазалық сақтау үшін барлық жағдайлар жасалып,  жайлы демалысты қамтамасыз ету мақсатында барлық керекті электроникалық қондырылғылар өткізілген. 

Бұл орталықта демалушы тәулік бойы арнайы қызметкерлердің бақылауында болады.  Әсіресе бөлмелердің, жалпы орталық аумағының тазалығына келгенде ерекше көңіл бөлінген. Онымен қоса  аталмыш орталықта спорттық жаттығу залы, теннистік үстелдер, фито-бар да қызмет көрсетеді.

Бұл демалыс орнының басты мақсаты сауықтыру болғандықтан, ерекше көңіл клиенттердің денсаулығына бөлінеді. Аталмыш орталықта көрсетілетін қызметтер қатарына оттегілік терапия, фитотерапия, емдік денешынықтыру кешені (топпен), емдік денешынықтыру кешені (жеке), электросон, дарсонваль, апараттық уқалау , гидроуқалау, емдік душ (Шарко душы, циркулярлы), емдік-су ванналары, жергілікті балшық аппликациясы, жылумен емдеу, гирудотерапия, пантылық ем, шипалы капсула (хош иістендіргіш терапия) сынды ем-шаралар енеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары