30.07.2015, 06:03

Тәртіптік кеңесте жарты жылда 54 тәртіптік іс қаралған

Фото: legalmap.ru

 «Жергілікті жерлерде кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбек нәтижесі және жұмыс ауқымына қарай ақы төлеу болатын болса, сонымен қатар, қызметтік пәтер берілсе, онда қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісіп, зор жауапкершілікпен атқарады» деп есептейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы М.Ахметов.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыста 567 мемлекеттік орган қызмет атқаруда. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдар – 403, аумақтық мемлекеттік органдар – 147 және өкілді органдар – 17.

2015 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік қызметшілердің саны 8700 бірлікті құрайды. Оның ішінде, саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 7, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері – 25.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Республикамызда халық санын бір мемлекеттік қызметшіге шаққанда 171,6 адамды құрайды. Ал, тиісінше Оңтүстік Қазақстан облысында халық саны – 2788,7 мың адам, яғни бір мемлекеттік қызметші 320 адамға қызмет жасайды екен.

Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік органдар 740 бос лауазымдарға конкурс жариялады. Жарияланған бос лауазымдарға 1131 үміткер қатысқан (1 орынға – 1,5 үміткерден), алайда 484 ғана жеңімпаз анықталған. Яғни, 740 бос лауазымның 256-сы бос лауазымның 256-сы бос лауазым күйінде жабылмаған.

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылында Тәртіптік кеңесте 54 тәртіптік іс қаралған болса, оның ішінде Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін – 20, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін – 10, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 7 және атқаратын қызметінен босату – 3 қызметкерге шешімдер қабылданған.