$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда мыңға жуық ескі үй сүріліп, орнына жаңалары салынатын болады

Осымен бірнеше жыл қатарынан Алматыда тозығы жеткен ескі үйлер сүріліп келеді. Олардың тұрғындарына мемлекет тарапынан төлем немесе жаңа баспана берілуде. Аталған бағдарлама әлі де жалғасын тауып, алдағы уақытта қалада мыңдаған көпқабатты үйдің сүрілетіні белгілі боп отыр. Дегенмен, жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, кей тұрғындар құлағалы тұрған пәтерлерінен кеткісі келмей, біраз кедергілер тудырады екен.

Ал, халықтың басым бөлігі дән риза. Солардың бірі Әуезов ауданында тұратын Райхан Мүслимова. Ол бірнеше күн бұрын ғана отбасымен бірге жаңа пәтерге көшіп келіпті. Әкімдік ұсынған шарттар көңілінен шыққан соң, бірден келісе кеттім дейді. Оның үстіне бұрынғы үйі ескі әрі тар болыпты. Құжаттарын тез арада жинап, ешқандай ақша төлеместен осында қоныс аударған.

«Менің құжаттарым дайын болды. Осы бағдарламаны ұсынғанда біз бірден келістік. Ескі үйіміз 2 бөлмелі болған. Алайда, тар еді. Қазір мұнда да екі бөлме, бірақ айтарлықтай кең. Оның үстіне басқа ауданнан емес, осы жерден үйдің берілгеніне ризамын. Немерелерім де мектептерін ауыстырмай, жұмысымызға да ыңғайлы», – деді Райхан МУСЛИМОВА.

Райхан Муслимованың бұрын тұрған үйінің кейпі адамшошырлық болған. 1958 жылы салынған баспана ешқашан күрделі жөндеу жұмыстарын көрмепті. Тұрғындар тек тесілген жерді бекітіп, жартығын жамап отырған. Көктем мен күзде пәтердің ішін су алады. Ал қыста жылу жүйесі мүлдем істемейді. Баспалдақтары да өткен ғасырдан бері ауыстырылмаған. Техникалық қауіпсіздік те сақталмапты. Қысқасы, мұнда адам тұру мүмкін болмай кеткен.

«Көктемде үйіміздің ішін су алып кетті. Шатырдан аққан су барлық бөлмелерге жайылды. Еденнің ортасымен жүрсеңіз ойылып кететін секілді. Салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болдық. Мына үйде өмір сүру мүмкін емес. Мына пәтердің көлемі 48 шаршы метрді құрайды. Ал ұсынып отырғандары бұдан үлкен. Үстіне қаражат қосып, соны аламын. Біз жаңа пәтерге баруға дайынбыз. Алайда, кейбір көршілер келіспей жатыр екен. Неге екенін түсінбеймін», – дейді апатты үйдің тұрғыны Әсел МҰҚАШЕВА.

Жаңа салынған тұрғын үй осы Әуезов ауданында орналасқан. Құрылыс компаниясы тұрғындарға тиімді ұсыныс жасауда. Мәселен, көлемі 55 шаршы метрлік 3 бөлмелі ескі үйлерге компания көлемі 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі жаңа пәтер беруге ниетті. Құрылыс компаниясының өкілі көшкісі келмей жатқан ескі үй иелерінің жаңа салынған тұрғын үйден екі пәтер алғылары келетінін айтады. Алайда, ол заңға қайшы екен. Қазір оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Біз 3 жанұяны Жандосов көшесіндегі жаңадан салынған үйлерге көшірдік. Қалған отбасылармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазір 7 отбасы уақытша көшуге дайын», – дейді Алматы қаласы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директорының орынбасары Талғат ТӘЖІБАЕВ.

«Ескі үйлерді сүріп, орнына жаңа тұрғын үй салу» бағдарламасы аясында жақын уақытта қалада мыңға жуық үй жаңармақ. Ол дегеніңіз, 9 мыңға тарта пәтер өз иесін табады деген сөз. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары жеке инвесторлардың есебінен жүргізіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары