20.09.2018, 06:43

Атырауда баспана құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп жатыр

Биыл Атырау облысында салынып жатқан пәтерлер саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Өңірдің тұрғынүй нарығында бұрын-соңды дәл мұндай құрылыс жүрмепті. Нәтижесінде, баспанаға деген баға да күрт төмендеп, үй кезегінде тұрғандардың мәселесі шешіле бастады. Мұның бәрі әрине, «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында дейді жергілікті билік өкілдері.

Жасыратыны жоқ, Атырау өңірі Қазақстандағы ең қымбат облыстардың бірі болып есептеледі. Мұнда табыс көлемінің көп болуы себебінен азық-түліктен бастап баспанаға дейін баға шарықтап тұр. Дегенмен, биыл көпқабатты үйлердің көптеп салынуы арқасындағы пәтерлердің бағасы күрт арзандап келеді. Өйткені, жергілікті халықтың сұранысы ақырындап қанағаттандырылып келеді.

Мәселен, Мәселен, өткен жылдың өзінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 36 көпқабатты үй салынып, 2 мыңға жуық тұрғын баспаналы болды. Ал, 2018 жыл шыныменде табысты болды. Қазір 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл дегеніңіз – 3892 пәтер. Жыл аяғына дейін 34 үй қолданысқа берілуі тиіс. Сонымен қатар аудан орталықтарында да 5 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл әзірге өңір тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

«Әрине, құрылыс жалғасады. Қазір 70 тоғыз қатарлы тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Мұның әрқайсысы 72 пәтерден. Құжаттар биыл әзір болады, биыл осы үйлердің 45-50 іргетасын құйып үлгереміз. Келесі жылы шамамен 50 үйді тұрғындарға тапсырамыз», - дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.

Әрине, осынша құрылыс тұрғын үй нарығындағы бағаға тікелей әсер етері анық. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқасында бағаны реттеуге мүмкіндік туып отыр. Дәл осы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынатын пәтерлердің әр шаршы метрі 180 мың теңгеден басталады. Ал коммерциялық бағыттағы жеке компаниялар салған пәтерлердің бағасы 370 мың теңге көлемінде. Бұл екі бағамда жаңа салынған үйлерге арналған баға.

Әрине, ескі үйлердің бағасы енді төмендей бастады. Мәселен, бұрын қала орталығындағы 2 бөлмелі пәтердің бағасы 50 мың ақш доллары болса, қазір 23-25 мың шамасында. Бағаның дәл бұлай екі есеге арзандауына ең алдымен теңге бағамының құлдырауы себеп болса, екіншіден, облыс орталығында салынып жатқан баспана санының өсуі.

Қазіргі таңда Атырау облысында тұрғын үй кезегінде 53 мың адам тұр. Олардың 15 мыңы банктер талап ететін алғашқы жарнасын жинап қойған. Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасының іркіліссіз іске асуына жеке кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Оларға «Даму» қорынан арнайы субсидия беріледі. Былтырдан бері құрылысқа қарқын қосқысы келген қалталылар құны 70 млрд теңгеден асатын 74 жоба ұсынған. Соның жартысынан көбі мақұлданып, 40 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл ақшаға 120 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, қолданысқа берілген.

Бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасады. Осы аралықта мердігерлер 600 мың шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр.

Еске салайық, «Нұрлы жер» былтыр жылдың басында іске қосылған болатын. Мақсаты – қазақстандықтарды төменгі пайыз арқылы қолжетімді баспанамен жарылқау. Мемлекет басшысы былтыр бұған дейін іске асып келген барлық тұрғынүй бағдарламаларын тоқтатып, бәрін «Нұрлы жерге» біріктірген еді. Жобаны жүзеге асыруға «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі» міндетті болған.

Алайда, биыл көктемде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Бес әлеуметтік бастамасын» жариялап, онда тұрғын үйді халыққа «7-20-25» бағдарламасы арқылы үлестіру керектігін үкіметке тапсырды.