$ 498.34  519.72  4.85

Қысқа дайындық ойдағыдай

Жезқазған қаласы бойынша биылғы жылыту маусымы 12 қазаннан басталды. Бүгінде барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарда жылу бар. Дегенмен, әлі де кейбір тұрғын-үйлерге жылу жетпеген. Осы өзекті мәселе қала әкімі Қайрат Бегімовтің төрағалығымен өткен жылу маусымына дайындық бойынша штабтың отырысында қаралды.

Штаб отырысына келген қаладағы барлық коммуналдық сала қызметінің басшылары алма-кезек мінберге шығып, өз нысандарындағы жылу маусымына дайындықтың қалай өткенін баяндады. Алғашқы болып сөз алған жылу электр орталығының директоры Мадияр Алтыбаев қала тұрғындары қыстан қысылмай шығатынына сендірді. Өйткені, жылу электр орталығының қысқа қамдануы жақсы. Биыл сегіз қазандықтың алтауы және 3 турбина толықтай жөндеуден өткен. Қазірдің өзінде №7 қазандықтағы ағымдағы, №10 қазандықтағы күрделі жөндеу жұмыстары да бекітілген жоспарға сай жүргізілуде. Сондай-ақ, жылу орталығында жеткілікті көмір қоры мен мазут бар көрінеді.

Жылумен, сумен жабыдықтау кәсіпорнының басшысы Болат Аманбаев биыл 28 шақырым желі күрделі жөндеуден өткенін жеткізді. Оның 16 км жылу желісі болса, 8 км астамы ауыз су құбырлары мен 3 шақырымы кәріз жүйесінің еншісінде. Жылу маусымына толық дайындықты растайтын паспортты алдық деген Болат Жомартұлы жылу құбырлары судың температурасына шыдас беретінін әрі 8 сорғыш стансасы да үздіксіз жұмыс жасап тұрғанын жеткізді. Геология кентін жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың №2,3 қазандықтары ауыстырылып, қажетті отын да жеткізілген. Қала басшысы Қайрат Баяндыұлы жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнында авариялық бригаданың жасақталуы қажеттігін ескертті.

–Желілерде демалыс не мереке күндері авария бола қалған жағдайда жұмыс күнін тоспаймыз. Дереу оқиға орнына жетіп, олқылықтың орнын толтыратын мамандардың жұмыс кестесін ұсыныңыздар. Және олардың дайындығы мен жөндеуге қажетті материалдардың қоймада бар-жоғын осы сенбіде қарайтын боламыз,- деген қала әкімі өткен жиналыста берілген тапсырмалардың орындалмағын айтты да жергілікті полиция қызметінің басшысы Аманжол Кәрімовке жөндеу барысында қазылған жерлер мен бұзылған аулаішілік жолдарды уақытылы қалпына келтірмеген жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына қатысты хаттама толтырып, айыппұл кесуді тапсырды.

Ал, қалада бар 649 тұрғын үйдің 25-іне бүгінде әлі жылу бармағаны жөнінде қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбаев баяндады. Жылусыз қалған үйлердің 17-сі жылу маусымына мүлде дайын болмаған. Яғни, олар пәтер иелері кооперативі құрамында жоқ. Сәйкесінше тиісті дайындық жұмыстарын жүргізбеген. Осы ретте қала басшысы аталған үй тұрғындарымен

кездесу ұйымдастырып, олардың дайындықтарын тездетуге тапсырды. Қалған сегіз үйде қазір «Достық-Аян» мен «Үміт» пәтер иелері кооперативі үйішілік жүйені жөндеп жатыр.

Электрмен жабдықтаушы кәсіпорынның өкілі Мұхтар Жүнісбеков жарық беруде іркіліс жоғын айтып, стансалардағы жөндеу жұмыстары да кестеге сәйкес өтіп жатқанын мәлімдеді. Және жөндеу жұмыстарына байланысты 23 қазанда 6 ықшам ауданында сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін жарық сөнетінін алға тартты. Сонымен қатар, осы күні 2, 5 ықшам аудандар мен 7, 8 орамдағы кейбір үйлер де жарықсыз қалмақ.

Штаб отырысында ыстық су сапасының нашарлауының себебі айтылды. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны өзіне қарасты барлық желілерді жуып, шайған. Дегенмен, тұрғын үйлердің желілері дұрыс жуылмаған. Сондықтан, қала әкімі барлық ПИК төрағаларына желілерін жууды қадап тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары