06.11.2018, 13:50

Ырысы мен ырзығы мол жәрмеңке

Ауылдағы ағайын өзінің ырзық-несібесімен бөлісуді дәстүрге айналдырғалы қашан?! Жылда қамба астыққа толған уақытта Ұлытау мен Жаңарқа аудандарына қарасты елді-мекендер мен қала айналасына шоғырланған Кеңгір, Талап пен Малшыбай селолық округтің шаруалары «Ауыл береке» жәрмеңкесіне қатысады. Бұл мезгілді қала жұртшылығы да асыға күтеді. Неге десеңіз, дәл осы күні ең таза табиғи өнімді нарық бағасынан арзанырақ алуға мүмкіндік бар.

Ауыл аймақтан ағылған саудагерлер күн шықпастан, таңғы ағат 6:00-ден белгіленген «Нарық» базарына жетті. Өйткені, олар орын алып әрі әкелген өнімдерін арнайы сараптамадан өткізіп, рұқсат қағазын алуы тиіс. Осылайша, сауданың алды сағат жетілерде жүріп кетті.

– «Ауыл береке» жәрмеңкесінде мал саудалап жүргеніме біраз болды. Жаңаарқа ауданынан арнайы екі қашар малын әкелдім. Бір сағатқа жетпей өтіп кетті, - деген Нұржан есімді жігіт ағасы малы өзі қалаған бағаға өткеніне қуанышты.

– «Мал баққандікі» демей ме?І Оның жем-шөбі, суы бар. Жазда жайлауда жүрсе-дағы көзден таса қылмай, бағамыз. Бейнеті мол. Сондықтан, еңбегіміздің ақталғанын қалаймыз. Ал, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі соған мүмкіндік береді. Қазір осы малымды алып-сатарға сататын болсам, ол көтерме бағада келісін 1000 теңгеден сатып алады. «Сауда мұраты – ұту» демекші таразыдан да желініп қаламыз. Сондықтан, біз үшін жәрмеңке өте тиімді. Орын үшін ақы да төлемейсіз. Бұндай мүмкіндік үшін жәрмеңкені ұйымдастырушылар мен біздің өнімді тұтынушы қала жұртшылығына алғысымды білдіремін. Арадағы әріптестігіміз бұзылмасын, - деген ол саудадан түскен ақшаға бала-шағасына қыстық киім-кешек сатып алатынын да жасырмады.

Түске таман сауда тіпті қыза түсті. Қысқа қамданған жұрт күздік пен соғым таңдауда. Қап-қап картоп пен пияз арқалаған тұрғындар. Пияздың келісі үй арасындағы дүкендерде 90 теңге дейін барса, жәрмеңкеде келісі 50 теңгеден сатылуда. Картоптың келісі – 65 теңге. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қатарындағы сәбіз, қырыққабат пен қызылшаның да бағасы көңілге қонымды. Еттің де бағасы да қолжетімді. Жылқы етінің келісі 1700 теңгеден, сиыр еті 1500 теңгеден, қойдың еті 1400 теңгеден саудаланды. Сондай-ақ, қой, жылқы мен сиыр еті тұтастай сатылды. Мысалы, қозылардың бағасы 15 мыңнан басталса, қашарлардың құны 150 мыңның көлемінде болды. Елі қазысы бар жабағылар 160 мыңнан саудаланды.

Жезқазған қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашлығы бөлімінің есептеуі бойынша, бір жәрмеңкенің өзінде 5 тоннаға жуық жылқы еті, 18 тонна қой еті және 7 тоннадан астам ірі қара малының еті сатып алынған. Сонымен қатар, 3 тоннаға жуық сүт өнімдері бар. Жезқазғандықтар қолдың сары майы мен ірімшігін, құрт пен қымызды сатып алу үшін кезекке тұрды. «Ескене» шаруа қожалығы ұсынған қызылордалық қуырылған тары да көптің сұранысын тудырды. Жезқазғанда көп саудалана бермейтін ешкі сүтінен жасалған брынзаны да жәрмеңкеден кездестірдік.

Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі қалыптасқан дәстүр бойынша концерттік бағдарламамен айшықталды. Қала өнерпаздары әннен шашу шашса, қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Сауда жасай келгендер арқан тартысып, кір тасын көтеріп күш сынасты. Жүлдегер атанғандар естелік сыйлықтармен марапатталып жатты. Дәл осы жерде Кеңгір селолық округ әкімі аппаратының қызметкерлері қазан-ошақ орнатып, бауырсақ пісірді. Қас қағым сәттін ішінде Қаракеңгірдің 20 литр қымызы мен 25 келі ыстық бауырсақ қала тұрғындарына ыстық бауырсақ таратылып берілді. Жәрмеңкеге келуішелр одан бөлек Жезқазғанда өндірілетін тауарлармен таныса алды. «Самади» мен «Тәтті» кондитерлік цехтары тіл үйірер тоқаш өнімдерінен дәм татқызса, «Баян» компаниясы мен «Сүт жағасы»ЖШС сүт өнімдерін таныстырды.

– Біздің компания аймақтағы экспортқа өнім шығарған алғашқы компания. «Баян» компаниясының өнімдері ресейліктер арасында да сұранысқа ие. Оның ішінде олар сары судан жасалған коктейльдерге көптеп тапсырыс береді. Ал, сары судың емдік қасиеттері хақында айтып жатудың өзі артық, - деген компания өкілі ұсынған сусын шынында да дәмді екен.

«Ауыл береке-2018» ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне келушілердің пікірін тыңдап әрі сауда-саттықтың барысымен танысу мақсатында қала әкімі Қайрат Бегімов те «Нарық» базарынан табылды. Әр сауда нүктесіне тоқтап, саудагер мен сатып алушылармен тілдескен ол аралау барысында көзге түскен олқылықтардың орынын толтыру бойынша жауапты мамандарға тапсырма да беріп жатты.

Кешке дейін жалғасқан ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде 47,5 млн теңгенің өнімі сатылды деп қорытынды жасаған қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары саудагерлер бағаның заңсыз көтермеуін қатаң қадағалады. Ал, тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіп пен жүргізушілердің жол ережесін бұзбауын бақылады.

Базар бағасымен салыстырғанда 15-20%-ға арзан бағамен азық-түлік алуға келгендердің санында шек болмады. Сөрелерден өздері қалаған азық-түлікті керегінше алған қала тұрғындарының «осындай жәрмеңкелер жалғасса» деген бір ғана тілегі бар.