Ақтөбедегі саяжайлардың бірінде газ баллоны жарылып, үй қирап қалды. Ал үй иесі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбеде газ баллоны бір отбасын баспанасыз қалдырды. Үй иесі 5 литрлік газ баллонын жылыту үшін үйге кіргізіп, дәлізге қойды. Сол кезде газ жарылып, отағасы оны далаға лақтырып үлгереді. Ал жарылыс салдарынан үйдің шатыры ортасына түсіп, қабырғасы қирап қалды.
«Гүрс еткен дыбысты естігенде далада оқ атылды деп ойлаған едік. Сол сәтте терезе өзімізге қарай құлады. Әкем «Шығыңдар, газ баллоны жарылды» деп айқайлады. Бәріміз қаша жөнелдік», - деді Әсел Омарова.
Оқыс оқиға кезінде үйдің иесі ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайы орташа ауыр деп отыр.
«Беті, екі қолын күйік шалды. І-ІІ дәрежелі күйік. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Ол тағайындалған емді алып жатыр»,- деді травматолог дәрігер Әділбек Қаражанов.
Ал үй тұруға жарамсыз болып қалды. Есік-терезесі қираған соң Омаровтар отбасы туған-туыстарын жағалап кетті. Отбасы ақтөбеліктерден көмек сұрап отыр.