Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Индонезия астанасы туралы сауалына жауап бере алмаған мұғалім Kerek-info.kz-ке сұхбат беріп, әкімнің алдында неліктен мүдіргенін айтып берді.
Апта кейіпкеріне айналған мұғалім Байғанин ауданы Ноғайты ауылында тұрады. Сағыз орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ержанқызының педагогика саласына келгеніне төрт жыл болған. Жас маман бұған дейін өзіне бекітілген тәлімгермен жұмыс істепті. Биыл өз бетінше география пәнінен сабақ бере бастаған.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Әнуар Әнесовтің сөзіне қарағанда, Айгүл өз ісіне тиянақты маман. Қазір 9-10 сыныптарға сабақ беріп жүр. Мектеп басшысы соңғы бес жыл бойы мектептің география пәні бойынша көрсеткіші тәуір екенін айтады.
«Облыс әкімі мұғалімдер бөлмесіне кіргенде 4 адам отыр едік. Әріптестерімнің біреуі шығып кетті. Бейнелеу, орыс тілі пәнінің мұғалімі және мен қалдым. Облыс әкімі «cіз қай пәннен сабақ бересіз?» деп сұрады. Мен география пәнінің мұғалімі екенімді айттым. Ол кісі әлем елдерінің саны қанша екендігін сұрады. «200-ден астам мемлекет бар» деп жауап бердім. Cодан кейін орыс тілі пәнінің мұғалімінен ҰБТ қорытындысы бойынша неге мектеп көрсеткішінің нашарлығын сұрады. Ол: «тест – баланың негізгі білім көрсеткіші деп санамаймын»,-деп жауап берді. Мұғалімдер бөлмесінен шыға бере әкім кілт бұрылып, маған «Индонезияның астанасы қай қала?» деп сұрақ қойды. Тосылып қалдым. Бұрын соңды әкім көрген адам емеспін. Қобалжып тұрғанмын. Әрі сыннан сүрінбегеніме қуанып, босаңси берген сәтім болатын. Әкімнің сауалына сол жерде тұрған бір топ адам жауап бере алмады. Қате жауаптар да болды. Мен есімді жиып «Джакарта» деп дұрыс жауабын айтқым келген.Үлкен кісінің сөзін бөле алмадым. Кешкілік теледидарды қоссам, мені көрсетіп жатыр екен. Қатты қиналдым. Егер ұжымым мен отбасымның қолдауы болмағанда не боларын білмеймін», – дейді Сағыз орта мектебі география пәнінің мұғалімі Айгүл Ержанқызы.
Жас маман ауылдық жерде ата-енесімен бірге тұрады. «Күллі Қазақстанға масқара болдым» деп қиналған сәтінде үлкендер басу айтып, қолдау көрсеткен.