07.10.2015, 06:44

«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында акция өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының жастары арасында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік ахуалын жасау, аға буын өкілдерінің игі қасиеттерін жастарға үлгі ету мақсатында Қ.Жандарбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында акция өтті, - деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Акцияға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, білім беру бөлімінің әдіскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мектептің жоғары сынып оқушылары мен студент жастар қатысты.

Жақында өткен шара барысында «Ликбез» қоғамдық бірлестігінің заңгері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының консультанты Бақыт Ералиев қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлық туралы баяндама жасады. Жиын барысында көпшілік назарына сыбайластықтың қоғамға кері әсері туралы департамент тарапынан дайындалған бейнеролик ұсынылды.

Іс-шара ауданымыздың жас әншісі Жасқанат Жақсылықовтың орындауындағы патриоттық әнмен аяқталды.

- Бұндай іс-шаралар жастардың болашақта сыбайлас жемқорлық сияқты кесапаттарға ұрынбаулары үшін қажет. Еліне адал қызмет етуді үйрететін патриоттық игі шаралардың басты мақсаты да сол, - деп атап өтті Б.Ералиев.