12.10.2015, 10:35

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Фото: altaynews.kz

Сайрам ауданында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа «Нұр Отан» партиясының Сайрам аудандық филиалының бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі аппараты мен білім бөлімінің жауапты қызметкерлері, мектеп директорлары мен «Жастар орталығы» мекемесінің және ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы О.Қолдасованың «Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу жұмыстарының барысы туралы» есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, кейбір білім ошақтарында сыбайлас жемқорлықтың белгілері байқалып қалатыны рас.

- Мұндай жағымсыз құбылыстар үйреншікті жағдайға айналып кетпеу үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, - деп атап өтті ол.

Қоғамдық кеңес төрағасы С.Сағындықов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының Сайрам ауданында орындалуы туралы» баяндамасында білім саласындағы сыбайластықтың үйреншікті әдетке айналып кеткенін жасырған жоқ.

- Бала балабақшаға барған сәттен бастап, жоғары оқу орнына түскенге дейінгі аралық ақшасыз шешілмейтін болды. Қағамда бәрін – олимпиада мен жарыстардың жүлделі орындарын, ҰБТ жауаптарын, тіпті дипломды да сатып алуға болады дейтін пікір қалыптасты, - деп атап өтті ол. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық  басқармасының консультанты Б.Ералиев «Сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында атқарылып отырған жұмыстар туралы» сөз етті.

Сонымен қатар, жиында Қоғамдық кеңестің мүшесі А.Қабылбековтің сыбайлас жемқорлықтың тиімділігі және білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мен алдын-алу жолдары жөнінде хабарламасы тыңдалды.

Қоғамдық кеңес отырысын «Нұр Отан» партиясының Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Қалыбаева жүргізіп отырды.