13.10.2015, 12:23

Семинарда жерге қатысты өзекті мәселелер сөз болды

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалының аудандық бөлімшесі басшылары мен «Нұр Отан» партиясы Отырар аудандық филиалының өкілдері, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтардың алдын алу жөнінде аймақтық семинар өтті.

Жиынды «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Ғалымжан Заманбеков ашып, жиынға қатысушыларға жиынның мәні мен мақсатын түсіндіріп берді.

Семинарда алғаш болып сөз алған «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалының бас заңгері Нұрғали Әмірәлиев қазіргі таңда жерге қатысты орын алып жатқан дау-дамайлардың көбі жер алушылардың заң аясында жүргізіліп жатқан тарифтік жоспарларды дұрыс түсінбегенінен болып жатқанын және осы мәселе бойынша келіп түсетін арыз-шағымдарды болдырмау үшін тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін тілге тиек етті.

«Біздің мақсатымыз -- Елбасының сарабдал саясатын негізге ала отырып, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау. Қайбір салада болмасын сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, онымен ел болып күресуіміз керек»,-- деді бас заңгер.

Сөз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Ә.Жүнісов қызмет барысында жерге байланысты туындаған түсінбеушіліктің көбі жер алушыларға заңда орын алған өзгерістер мен басқа да ақпараттарды дұрыс жеткізбегендіктен болатынын және сондай жағдайда халықпен жылы тілдесе отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын жеткізді.

Ал, ХҚКО РМК-нің ОҚО бойынша филиалы аудандық бөлімшесінің басшысы Талғат Жұбайлаев халықпен тығыз байланысудың негізгі күші БАҚ екенін айтып, жер тарифтерінің өзгерісі туралы газет беттерінде жарияланып тұрса деген ойын ортаға салды.

«ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалының бас заңгері Нұрғали Тәліпұлы алдағы уақытта осы ұсыныстарды ескеретінін жеткізді.

Жиын барысында «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалы Арыс, Созақ, Кентау, Түркістан және Бәйдібек бөлімшелерінің басшылары да өз ойларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Жиын соңында семинарды ұйымдастырған «ЖерҒӨО» РМК Оңтүстік Қазақстан фи-лиалы аудандық бөлімше басшысы Қ.Сейтбеков келген қонақтарға алғыс айтып, осындай тағылымы мол жиындардың мәні зор екендігін жеткізді.