Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкеттегі «Karlskrona LC AB» серіктестігінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысып қайтты.
Компанияда су сорғылары мен уран өндіретін кәсіпорындарға қажет құрылғылар шығарылады. ТМД елдерінде жоқ жоғары технологиямен жасалатын құрылғылар жылына 6,5 мың данамен өндіріледі. Жарамдылық мерзімі 20-30 жылдан асатын зауыт тауарларына бес жылға дейін кепілдік беріледі. Кәсіпорында 20 адам жұмыспен қамтылған. «Karlskrona LC AB» неміс зауытынан шыққан өнімдердің 90 пайызы ішкі нарықта саудаланады.
Атап айтқанда, тауарлардың басым бөлігі «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ-на тасымалданса, су сорғылары Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы су арналарына жеткізіледі. Ал, шығарылған өнімнің 10 пайызы Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталады. Зауыт басшылығы бұл көрсеткішті болашақта 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда Шымкенттегі индустриалды аймақ маңында компанияның болат құю зауыты салынып жатыр.
Сонымен қатар, жаңа зауытта су сорғыларының корпусы жасалып, құрыш табағы құйылатын болады. Кәсіпорынның жұмысымен танысқан өңір басшысы зауыттағы жұмысқа оң бағасын беріп, отандық өнімді қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстандағы негізгі уран өндіруші компания «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ биылдан бастап өзінің негізгі кеңсесін Шымкент қаласына көшіре бастады. Алдағы жылы компанияның басшылығы толықтай дерлік ОҚО орталығына көшіп бітеді.