20.10.2015, 05:23

ДСҰ: Еліміз ескі машиналар қоймасы болмау керек

shym-avto.kz

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы хаттаманы рәсімдеудің ресми шараларын толық аяқтады: құжатты ел Парламенті қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойды. Ендігі мәселе, әлемнің алпауыт сауда ұйымына қосылуға қатысты ішкі нарықты реттеу. Бұнда ең алдымен мемлекет мүддесіне жауап беретін қорғау шараларын күшейту қажет болары анық.

Осыған орай, атқарушы билік соңғы уақытта отандық өндірісті Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы бәсекелестер жұтып жібермес үшін алдын-ала қамдану шараларына көшіріп жатыр деуге келеді. Соның ішінде Үкімет көлік құрастыратын кәсіпорындарды да назардан тыс қалдырған емес.

Айта кетерлігі, ресми билік ДСҰ әңгімесі түгесілер тұста да, ЕАЭО-ға Қырғызстанның қосылуы барысында да отандық автоөндірісті, ел нарығын  қорғаудың  жан-жақты әдіс-тәсілін қарастырып жатқанын айтып, оны нақты дәлелдеген. Қырғызстанға шекара ашылғалы автонарықта жағдай қалыпты. Қазір де автоөндірісте жеңілдетілген салық төлеуге жағдай жасау, шетелдерден ескі көліктер тасымалдауға тыйым салу сынды шаралар қолдану қаралмақ. Мұның бәрі түптеп келгенде қазақстандық көлік құрастыратын  кәсіпорындардың әрі қарай дамуына  көмек болады.

Айта кетерлігі, Қырғызстанмен арада шекара ашылғанда жұртшылық арзан көліктің қаптайтынын күткен болатын. Бірақ нарық бәрін өзі реттеді. Енді сарапшылар «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң сырттан келген көліктердің құны кем дегенде 15-30 пайызға түседі» деген болжам айтып жүр. Сонымен қатар, Қазақстанға Еуропадан, негізінен Германиядан  ескі көліктер жеткізілетінін де болжағандар баршылық еді. Осыған орай, Үкімет ескі көліктердің ағынын бақылауға алуды ойластырып, арнайы заң жобасын әзірлеген болатын.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірқатар нақты бағыттармен қоса қазақстандық автоөндіріс саласын серпілтуді де қамтып отыр. Мәселен, құжат  Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 55, 56, 57,59, 63 және 86 қадамдарын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте заң жобасының басты мақсаты аса қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін инвестициялар саласындағы, Қазақстандағы туризм индустриясын одан әрі жүйелі түрде дамыту үшін туристік саладағы, ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру мақсатында инновациялық кластер саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіру көзделеді. Атап айтқанда, инновациялық кластер саласында ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру үшін екі инновациялық кластер жүзеге асады. Оның бірі, Астанада Назарбаев Университеті базасында құрылады. Онда ғылыми зерттеулер жасау және оны соңынан коммерцияландыру үшін ғылыми орталықтар, зертханалар орналасады. Екіншісі, Алматы қаласында өңірдегі жоғары оқу орындары мен ұлттық орталықтардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін пайдалану үшін құрылады. Алматыдағы инновациялық кластер алдына ірі шетелдік жоғары технологиялық компаниялар мен жергілікті компанияларды тарта отырып, жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Бұл үшін инновациялық технологиялар паркіне бірлескен кәсіпорындар құру үшін басқарушы органның өкілеттігін кеңейту ұсынылады.

Ал автоөнеркәсіп нарығына келсек, бұнда негізінен Қазақстанның ДСҰ-ға енуіне байланысты туындайтын жағымсыз үдерістің алдын алу тетіктері қамданылған. «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғандықтан бірқатар заңдарымызды жетілдіріп, қажет жеріне түзетулер енгізу керек болып жатыр. Соның бірі - ескі көліктерді елімізге қаптатпау. Пайдаланылған автокөліктерді жылына қарай тіркеу шарасы да осы себептерге және еліміздің экологиялық тазалықтарына, сондай-ақ, жол қауіпсіздігіне орай жасалып жатыр. Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар дамыған елдерінде бар», - дейді Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау. Оның айтуынша, заң жобасындағы басты жаңалық - Қазақстанда 3 жылдан астам уақыт жүрілген көліктерді тіркеу алымы 500 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады. Бұл бір жағынан елімізді ескі көліктер «қоқысынан» таза ұстауға септігін тигізсе, екінші жағынан қоршаған ортаны қорғаудың да тиімді тетігі саналмақ. «Заң қабылданған жағдайда автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін алымға өзгерістер енгізу және автокөліктерге экологиялық талаптарды бекіту жоспарланып отыр. Бүгінгі күнде елімізде автокөліктерді бастапқы тіркеу үшін алым 0,25 есептік көрсеткішті құрайтыны белгілі. Бұл шамамен 500 теңгедей болады. Жаңа заң қабылданған соң жаңа автокөліктерді тіркеу үшін алынатын алым бұрынғы баға, яғни 0,25 есептік көрсеткіш мөлшерінде қала береді. Ал 1-3 жыл аралығында пайдаланылған көліктерге қойылатын бір реттік алым 50 есептік көрсеткіш болса, 3 жылдан асқан көліктерге алым 500 есептік көрсеткішке жетеді. Ал автобустар мен жүк көліктеріне алым одан да қымбат болады. Бұл шара ДСҰ тарапынан рұқсат етілген балама ретінде енгізілмек», - деп түсіндіреді Альберт Рау.

Қазақстанның құқықтық кеңістігі үшін бұл жаңа норма болғанымен, ДСҰ бірқатар мүше елдерінде ондай алым енгізу тәжірибеде бар көрінеді. Мәселен, Венгрия, Дания, Болгария мен тағы бірнеше елде осындай алым түрі жұмыс істейді екен. Сонымен қоса, аталған мемлекеттердің барлығында бір реттік алым көліктің шығарылған жылына қарай алынады. Яғни, министрлік өкілдерінің сөзінен түсінгеніміз, басқа елдер секілді Қазақстан да өз еліндегі ахуалды заңдық тұрғыдан қамтуды қарастырады деген сөз. Ал бұдан шығар қорытынды не? Ондағы тиімділіктің бірі - қоршаған ортаны қорғау болса, екінші жағынан мінілген көліктерді Қазақстанға әкелу айтарлықтай азаяды.

Айта кетерлігі, Қазақстанда қазірдің өзінде жыл санап шетелден келетін пайдаланылған, мінілген көліктердің саны артып келе жатыр екен. Мәселен, бұндай үдеріс сақталған жағдайда енді бір 5 жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт ұсталған көліктер үлесі Қазақстанда 70 пайызды құрайтын болады. «Бүгінгі күні Қазақстанда 4 млн. жеңіл көлік болса, олардың тең жартысының орташа пайдаланылған мерзімі 19 жылдан асады. Тағы 5 жылдан кейін 20 жылдан астам уақыт пайдаланылған көліктер үлесі 70 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіш Германияда шамамен 8 жылды құрайды. Жалпы, ескі көліктердің жолдағы қауіпсіздігінен бөлек, қоршаған ортаға тигізер зияны да көп. Сондықтан, Қырғызстан Кеден одағына кірер кезде біз көрші елден ескі көліктердің ағылуына жол бермейтінімізді ашық айттық. Қазіргі уақытта біз нақты шаралар енгіздік. Елге кіргізілетін көліктер ағымдағы жылы іске қосылған Кеден одағының техникалық регламенттеріне сай болуы тиіс. Ендігі күні ДСҰ аясында да ескі көліктердің Қазақстанға ағылуына тосқауыл болатын екінші шара - тіркеу алымының қымбаттауы болады», - деп түйіндейді министр орынбасары.

Тоқ етері, енді Сенат заң жобасын қандай да бір өзгертулерсіз қабылдаса онла алдағы уақытта 1 жылдан 3 жылға дейінгі уақыт жүрілген көліктерді тіркеу үшін алымы 50 есептік көрсеткішті, ал жүрілген мерзімі 3 жылдан асқан автокөліктердің алымы 500 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады. Құжатты әзірлеген министрлік өкілдерінің айтуынша, аталған норма енгізілсе, автокөліктер иелері үшін жалпы шығыстар сомасы артып кетпейді, есесіне мемлекеттік бюджетке түсім жылына 8 миллиард теңгеге дейін артуы ықтимал. Оның үстіне бұндай мемлекеттік алымнан түсетін кіріс ЕАЭО елдеріне бөлінбей, тікелей ел бюджетіне құйылады.

Сөйтіп, еліміз ескі көліктердің келуінен заңдық негізде қорғалмақшы. Ал оның орнына автонарықтағы сұранысты ішкі өндіріспен қамту жайы қалай болмақ? Бұл да маңызды мәселе екені түсінікті. Дегенмен, Инвестициялар және даму министрлігі отандық автоөндірістің алдағы уақытта да қарқыны таймайтынын алға тартады. 

Ресми мәліметтерді алға тартсақ, Қазақстанда машина құрастыру ісімен айналысатын «Азия авто», «Сарыарқа автопром», «Агромашхолдинг», «Хюндай», «СемАЗ», «КамАЗ инжиниринг» сынды 4 кәсіпорын қазір жұмыс жасап тұр. Бұл зауыттар 2014 жылы 40 мыңнан астам автокөлік шығарыпты. Яғни, Қазақстанда 2014 жылы барлығы 40 мыңнан астам автомобиль құрастырылған екен. Көліктердің маркалары да әртүрлі. Мәселен, жеңіл автомобильдердің - 42, жүк тиейтін автомобильдердің - 21, арнайы автомобильдердің - 18, тартқыштардың 3 және автобустардың 3 моделі шығарылған. Бұл зауыттар биыл да осы қарқынын жоғалтпақ емес. Бұнымен қоса Үкімет қолдауы арқасында қазақстандық машина құрастыру саласында алдағы уақытта қосымша тағы екі ауқымды жоба көзделеді. «Осы екі жоба жүзеге асырылған жағдайда елімізде жылына 200 мың автомобиль шығарылатын болады. Сонымен қатар, дағдарыстың салдарынан осы кезге дейін өнім көлемі 50 пайызға дейін кеміген зауыттарда қайта өрлеу бар. Ақпаратқа қарағанда, тамыз-қыркүйек айларындағы көрсеткіштер бойынша машина жасау тағы 1,5 есеге артқан», - дейді вице-министр Альберт Рау. Әлбетте, ДСҰ аясында бұндай қадамдардың маңызы зор болмақ. Десе де, бәрін уақыт көрсетеді. 

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін жаңа көліктердің импорттық салықтары 13,3 пайызға дейін төмендейді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына орай ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен хабарлады.

«Қазіргі уақытта жаңа көлік құралдарының орташа импорттық салық ставкасы шамамен 27,9 пайызды құрайды. Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін ставка деңгейі 13,3 пайызға дейін төмендейді. Бұл ретте жыл сайын импорттық салық 0,5-0,6 пайызға төмендеп, қорытындысында 10,8 пайыздық орташа деңгейге жетеді», - деді ведомстводан.