– Кез келген мекеме жас мамандарды босағасынан сығалата бермейді. «Professional» жобасы – бітіруші студенттер үшін тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік. Ұсынылып отырған жалақы көлемі де жап-жақсы. Мемлекет тарапынан «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында жарты жыл көлемде жастарға тұрақты жалақы төленіп отырады. Бірақ біз жастарды 100 пайыз жұмыспен қамтимыз деп айта алмаймыз. Олардың арасында шартты бәсекелестік тудырмақпыз, — дейді басқарма басшысы Жандос Қалтаев.
Оның айтуынша, «Professional» жобасы бірнеше кезеңді қамтиды. I кезеңде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қаланың ТОП-100 ұйымы арасында меморандум түзіледі. II кезеңде компания өкілдері pecha kucha форматында үміткерлерге өз ұйымдары туралы таныстырылым жасайды. III кезеңде компания өкілдері үміткерлерді сұхбаттасу арқылы іріктеп алады. ІV кезеңде іріктеуден өткен жастарға 1-10 күн аралығында компаниямен таныстыру, түсіндірме жұмыстары жүреді. V кезеңде – іріктеуден өткен жастар мен компания арасында уақытша жұмысқа орналастыру туралы келісім жасалып, жұмысқа жолданады. Кәсіпорын басшылары өз кезегінде жастарды тәжірбиеден өткізіп, білікті жас мамандардың ішінен ең үздік кадрларды жасақтай алады.
– «Professional» жобасын жүзеге асыру барысында жас мамандарды жұмыспен қамтуда сандық емес, сапалық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жоба еңбек нарығына алғаш шыққан жас түлектердің болашақ қызметі мен кәсіби мансабын қалыптастыруға бағытталған, — дейді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
Еске саласақ, аталған жоба бойынша биылғы ақпан айында Шымкент қалалық соты «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында 200 бітіруші студентке жұмыс орындарын ұсынған-ды. Жоба ұйымдастырушылары қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарды, жұмыс істеуге ниетті жастарды «Professional» жобасына белсене қатысуға шақырады.
«SN.kz»-ақпарат