Қызды өзіңе қаратудың қорқынышты тәсілі. Бұрымдыны гипноздап, бұйрығыңа бағындыруға көмектесетін коуч тренерлер қаптап барады.
Олар әуелі әлеуметтік желіге жақсылап жарнама беріп, кейін бойжеткенге баруға батылы жетпейтін жігіттерді жинап, сабақ өткізеді. Курс барысында нәзік жанның ниетін өзгертіп, тіпті төсекке тартудың түрлі тәсілін меңгертеді екен. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Қыз сені ұмытпайтындай, оның есінде қалу үшін не істеу керек? Шын жанашыры бола алсаң, шайды сораптап қойып сырласатын досына айнала алсаң, қыз сені ешқашан ұмытпайды ғой. Бірақ бұл ескірген таным деп күледі. Қазір жігіттердің айтары: Ұмытпасын десең, ұмытпайтындай жасау керек дейді. «Осындаймыз. Осындай болғаннан соң ғой, қызға ұмытпастай түн сыйлауды үйретем» дейтін тренингтер көбейіп барады. Сондай сорақы үйірменің біреуі инстаграмдағы жастарды былғап, бұзып жатыр.
«Бойжеткен саған кешкі ас ішуге келді. Ал, сен оған ешбір ер азаматпен көрмеген қызықты көрсетесің. Осыны үйренгің келе ме?», - дейді гипноз арқылы адамды еркінен айыру тренері Николай.
Жай кездесуге келген қызды гипноздап ал. Сосын саусақты шырт еткізсең, қыз төсекке құлай кетеді. Сосын білгеніңді істе дейді. Қорқынышты, иә?! Гипноздауға үйрететін тренингтерге қатысатындар көбейіп кетсе, не болады? Ең әуелі, қиял болып жүретін бозбаланың ниеті бұзылады. Қарындастарды бұзады. Ең сорақысы, күйеуі бар әйелдерді гипноздап, қол жүгіртсе не болады?
«Бұның арты не болады? Мысалы адам гипноздың күшімен болса, оған кім көрінген зияндық келтіруі мүмкін. Әйелдің ар-намысын таптау былай тұрсын, физикалық та зияндар келтіруі мүмкін. Кім біледі, гипноздап алған соң, біреу емес, бес-алтауы жабылса. Кейін осы видеомен шантаждар шығуы мүмкін. Ар-ұяттан аттап кеткен адам, ештемеден тайынбауы мүмкін», - дейді заңгер Елнұр Тоқышев.
Ішкі істер министрлігіне хабарласқанбыз. Әйел гипноздалып, зорланды деген шағым түскен жоқ. Қылмыс тіркелмейінше, ештеңе айта алмаймыз деп отыр. Шағым түсе бастағанын күтіп отырсақ, гипнозбен қыз бұзу қайтымсыз процеске айналып кетпей ме? Тездетіп, мынау рұқсатсыз гипнозға үйрету тренингтеріне тыйым жасау керек.