11.05.2019, 11:35

Шымкентте соғыс ардагерлеріне 252 мың теңге біржолғы материалдық көмек көрсетілді

Шымкент қаласында Жеңістің 74 жылдығына орай соғысқа қатысқан майдангерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 252 мың 500 теңге біржолғы материалдық көмек берілді.

Ал, оларға теңестірілген және тыл ардагерлеріне 5 АЕК, яғни, 12 625 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қоса 54 ҰОС ардагерінің үйіне арнайы құттықтап барып, 100 мың теңгенің көлемінде сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілетін болады. От пен оқтың арасынан елге оралған майдангерлердің бүгінде 54 ҰОС ардагері, ал, 4 276-сы оларға теңестірілгендер мен тылда еңбек еткендер.

Ұрпақтың бақытты болашағы мен бейбіт өмір сүруі үшін шайқасқан ҰОС ардагерлеріне жыл сайын әлеуметтік қолдаулар мен құрмет көрсетіліп келеді. Мәселен, оларға медициналық көмек республикалық әрі өңірлік деңгейде ақысыз көрсетіледі. Сонымен қатар жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 5 мыңға жуық жекелеген санаттағы азаматтарға түрлі сауықтыру орталықтарына жолдама беріледі. Бұдан бөлек, 2000-нан астам ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлері тегін баспасөз басылымдарына жазылуда. Айта кетейік, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көгілдір отыннан басқа коммуналдық қызметтің барлығы тегін көрсетіледі.

Сонымен қатар, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға, Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған 1886 ардагерге 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек берілді.

 «SN.kz» - ақпарат»