28-31 мамырда Сириядан Қазақстанға 67 әйел, 171 бала жеткізілді. Бұл туралы 31 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Балалар Қазақстан билігінің «Жусан-3» операциясының аясында эвакуацияланған. Олар біраз уақыт оңалту орталығында болады. Ақорданың баспасөз қызметі үш кезеңнен тұрған «Жусан» операциясының аяқталғанын хабарлады.
Бұған дейін 9 қаңтарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жусан-1» арнайы операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралғанын мәлімдеген. 7 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілген. Олардың 159-ы – бала.
Қазақстан билігінің дерегінше, Сириядан барлығы 357 қазақстандық бала елге жеткізілген.
2018 жылы шілде айында Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлаған. Комитет Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда Қазақстаннан кеткен 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтқан.
Дереккөз: Azattyq.org