Алматы облысында биылғы жылы құрылыс саласына 40,0 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 237 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биылғы жылға белгіленген 173 нысанның 122-сі пайдалануға берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық бөлімшесінде өткен брифинг барысында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Марат Нүсіпбаев айтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
М.Нүсіпбаевтың мәліметіне сүйенсек, жалпы облыста білім саласының 43 нысанының құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 17 млрд. 523 млн. теңге, ал денсаулық сақтау нысандарына 4 млрд. 969 млн. теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 10 айында жалпы алаңы 36,77 мың шаршы метр болатын 62 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.