– Емдеудің нәтижелі болуы - диагностиканы дұрыс қоюға байланысты. Өйткені ауруды ерте анықтағанда онымен күресу әлдеқайда оңай. Техника күн сайын дамып жатқандықтан, мамандар жаңа құрылғылармен жұмыс істеуді жылдам меңгеруі тиіс. Шымкенттік дәрігерлермен шеберлік сабағында жаңа технологиялармен жұмыс істеудің тың әдістерімен бөлісетін боламын, – деді Ольга Терешина.
Орталықтың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Г.Шекербекова өңірдегі медициналық ұйымдар соңғы үлгідегі диагностикалық құрылғылармен жабдықталғанын және білікті мамандардың бар екенін жеткізді.
– Шымкент қаласындағы 5 емханада, қалалық диагностикалық орталықта және аудандарда 26 стационарда жүрекке диагностика жасайтын УДЗ құрылғылар орнатылған. Жүректі диагностикалау жылдан-жылға жаңарып отырғандықтан, мамандардың біліктілігін артырып отыру қажет. Мамандар бұрын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұлттық орталықтарда біліктілік арттырса, енді ресейлік мамандарды өзімізге шақыртып отырмыз, – деді Г.Шекербекова.
Жуырда орталыққа эксперт класының ультрадыбыстық диагностикалық құрылғысы жеткізілмек. Г.Шекербекова бұл құрылғының 3D, 4D режимде көруге мүмкіншілік беретінін айтты. Тәжірибе алмасу барысында жақында іске қосылатын заманауи аппаратпен жұмыс істеу тәсілдері де айтылады және өндіруші «Philips» компаниясының өкілдері де қатысты.
«SN.kz»-ақпарат.