Басқосуды ашқан шаһар басшысы бұл заң қызмет көрсету мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізетінін айтты. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша 23 басқарушы компания 1409 көпқабатты тұрғын үйге қызмет көрсетсе, 1491 үйде басқарушылары бар. Ал жаңғырту бағдарламасы аясында 947 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс болса, оның 152-сі күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ қала бойынша көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған лифттер саны – 266 болса, 2013 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 29 лифт ауыстырылған. Қазіргі уақытта жедел ауыстыруды қажет ететін 12 лифт қондырғыларын демеушілер есебінен ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң жобасында «Бір үй - бір қауымдастық - бір есеп» қағидасы бойынша меншік иелері МИҚ бірігуінің жаңа формасы қарастырылған.
Депутаттардың айтуынша, заң жобасының негізгі міндеті – жүз пайыздық кондоминиумдарды құру. Заңға енгізілген жаңа түзетулер көптеген рәсімдерді түбегейлі жеңілдетеді. Аталған заңда әкімдіктерге нысанның қасбетін, шатырын жөндеуге, су деңгейінің көтерілу қауіпі бар аймақтардағы тұрғын үйлердің беріктігін арттыруға, лифттерді жөндеу мен ауыстыруға, газ саласында бақылау орнатуға қатысты қосымша өкілеттік беріледі.
Айта кетер жайт, 2019 жылдың сәуір айында ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы каралған-ды.
«SN.kz»-ақпарат.