Шымкентте «Атаулы әлеуметтік көмек» алушылардың саны күн санап артуда. Мамандар 39 мыңдай отбасыға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соның 25 мыңы өтініш білдіріп, 23 мың отбасы көмекке қол жеткізіп үлгерді.
«Негізі, халықта алаңдаушылық басым, ешқандай алаңдауға жол жоқ. Мамандар жұмыс істеп, ақшаларын үлестіріп отыр. Жылдың соңына дейін алады» дейді Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев.
Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін мамандар күні-түні жұмыс істеп жүр. Халыққа ыңғайлы қызмет көрсету үшін аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында қала бойынша 8 жерде жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері ашылған. Қабылдау орындарына 150 адамға дейін жұмылдырылған.
Мамандардың мәліметінше, «Атаулы әлеуметтік көмек» тиісті отбасылардың барлығына бірдей тағайындалады. Ал жалақы мөлшері белгеленген сомадан асып кеткендер жәрдемақы алмауы заң шеңберінде қаралған.
«SN.kz»-ақпарат.