17.06.2019, 22:28

Шымкент қаласында 3D форматындағы алғашқы жаяу жүргінші жолы пайда болды

Мұндай ерекше жаяу жүргінші жолы ең алдымен Төлеген Айбергенов көшесіне бұйырды. Естеріңізде болса, бұл жерде бұрын жай ғана қалыпты белгі болатын.

Бұл ерекше жүргіншілер жолын салуға бастамашы болған "Shymkent" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы екен. Аталмыш компанияның Басқарма Төрағасы Рашид Аюповтың айтуынша, үш өлшемді таңба идеясын ол шетелден алған.

"Шымкент – жол қозғалысы өте қарқынды дамыған қала. Бұл учаске жүргізушілер назарын өзіне аудартатын ерекше қосымша белгі болады деп үміттенемін. Мұндай тәжірибелер Батыс елдерінде қайғылы оқиғалар санын бірнеше рет қысқартуға мүмкіндік берді", - дейді Р.Аюпов.

Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ойлап, игі ниеттен туған бастаманың шымкенттіктерге де оң пайдасы тиетініне сенім мол. Себебі осындай форматтағы жолақтар көлік жүргізушілерінің назарын бірден аударып, екпінін бәсеңдетуге әсер етеді екен. Сондықтан мұндай жаңашылдықтың мегаполис шаһарға жаппай енгізілгенін қалар едік.

«SN.kz»-ақпарат.