25.06.2019, 15:40

Шымкент қаласының әкімі қабылдау бекеттеріндегі арыстықтармен жүздесті

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев және бірнеше жауапты қызметкерлер қаладағы қабылдау эвакуациялық бекеттерді аралап көрді.

Осы уақытқа дейін Шымкенттегі 36 арнайы орталыққа Арыс пен оның маңайындағы ауылдардан 6435 адам жеткізілген. Жартысына жуығы – балалар. Соның 67-сі осы орталықтарда ата-анасымен қауышқан. Қала әкімі шаһардағы ірі оқу орындарының жатақханасында орналасқан қабылдау бекетінде жайғасқан арыстықтардың жағдайымен танысты. Келген бойда қамқорлыққа алынған азаматтарға жылы лебізін білдірді.

«Осындай жағдай болды. Қолымыздан келген барлық көмекті көрсетіп жатырмыз. Сіздер үшін Шымкентте қабылдау бекеттері жұмыс істеуде. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, жағдаймен танысып, тапсырмалар беріп кетті. Өртенген, қираған үйлер жөнделеді, Үйлеріңізге қайтуға да жағдай жасаймыз» деді Ғабидолла Әбдірахымов.  

Бұл жатақханада тіркелген азаматтардың саны 300-ден асқан. Жалпы, Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ жатақханаларында жапа шеккен 600-ден астам азамат орналастырылған.

Университеттің студенттері адамдарды жайғастыру, қажетті киім-кешек үлестіруге қолдау көрсетуде. Төсек, тұрмыстық заттар, сусындар мен азық-түлік алып келіп жатқандардың қатары толастар емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», Шымкент қаласының ғана емес, тұтас Түркістан облысының тұрғындары бар көмекті көрсетуге дайын екенін көрсетті.

«SN.kz»-ақпарат.