21.11.2015, 02:02

ОҚО-да  жастар футболы қолға алынбақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов «Жас қыран» лигасының құрылуы жөнінде Қазақстанның балалар және жасөспірімдер футболының лигасының атқарушы директоры Б.Есмағамбетовты қабылдады.

Кездесу барысында екі жақ балалар және жасөспірімдер арасындағы футболды дамыту жөніндегі жоспарларын айтты. Аталмыш лигасының негізгі мақсаты - жарыстарда футболшылардың жеңіске ұмтылуын жетілдіріп, ауыл-аудан аралық жарыстарды ұйымдастыру.

Сонымен қатар, қала және облыс аумағында өтетін спорттық жарыстарды алдағы уақытта Республика деңгейіне шығару жоспарланды. Айта кетейік, 2015 жылдың тамыз айында «Қазақстанның Футбол Федерациясы» эгидасымен бірінші рет «Жас қыран» балалар және жасөспірімдер футболының лигасы құрылды.

Ал қараша айында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Алматы облыстарының және Алматы қаласының құрама командалары арасында алғашқы лига чемпионаты өтті. Алдағы уақытта еліміздің барлық облыстары мен қалаларында филиалдарын ашуды жоспарлап отыр.

Футбол − еліміздегі ең әйгілі спорт түрлерінің бірі. Қазақстандық футболдың басқарушы органы болып 1992 жылы құрылған Қазақстан Футбол Федерациясы табылады. 1994 жылы Қазақстан FIFA-ның толыққанды мүшесі атанды. 2001 жылға дейін Азиялық конфедерацияға кірген болса, 2002 жылы UEFA құрамына өткен.

2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан UEFA-ның 52-ші мүшесі болып қабылданды. Қазақстан футбол федерациясын Еуропа футбол қауымдастықтары одағы құрамына қабылдау туралы шешім Стокгольмде өткен УЕФА конгресінде бекітілген. Содан бері бұл күн Қазақстан футболы күні ретінде аталып өтіледі.