07.08.2019, 12:10

Елордаға кейін келгендер ғана емес, баспанаға байырғы тұрғындары да мұқтаж

Елорда орталығындағы 228 жаман үйде тұратындарға жаңа баспана беру үшін тек қала қазынасының өзінен 40 миллиард теңгедей қаржы қажет болса, еліміздегі 87 шағын қалаға білдей бір мемлекеттің бюджетінен 6-ақ миллиард теңге аударылмақ.

Нұр-Сұлтан қаласында кірпіштері үгітіліп, қауқиған қабырғасы қақыраған апатты жағдайдағы 228 үй бар. Өткен ғасырдың 50-жылдары құрылысшыларға арнап уақытша салынса да, сол жарбиған жұтаң қалпында әлі тұр (кейбіреуі 2017 жылы ғана сүріле бастады), деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

Жарығы жиі сөніп, суы өшіп, байырғы тұрғындарды әбден әбігер етуде. Қыста кәріз желілері қатып қала беретіндіктен, жарытып тұрған жылуы да жоқ. Мұндай коммуналдық мәселесі өз алдына, «тарихи баспаналар» енді елеусіз жағдайға шыдамай, тұтастай омырылып тынады-ау!..

Тұрғындардың өздерінше жөндеу жұмыстарын жасап қойғандары еш пайда бермей келеді. Өйткені, ол үйлер қайта қалпына келтіруге мүлде жарамсыз. Жергілікті басшылардың «түгелдей сүріп тастап, орнына жаңадан салынып жатқан үйлерден береміз» дегендеріне 20 жылға жуықтады. Ал ондағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін қалалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге қаражат шығады екен. Әкімдік уәжіне сенсек, әзір ондай «батпан құйрық» болмай жатқан көрінеді.

Телеарнадан тәуір көрінетін жерлеріне қарап, былайғы бұқара «әлемге әйгілі елордамыз шынымен еңселі екен ғой» деп ойлайды. Сол жағалау солай сияқты болғанмен, оң жағалаудың оңып тұрғаны шамалы. Қаланың еңкіш тартқан бөлігі елу пайызды құрайды дегеніңе көгілдір экран әзірге сендіре қоймас. Балғымбек Имашевтің кезекті бір айтыста айтқанындай, «байлар үшін салынса левый берег, көп балалы қазаққа жер үй керек». Ал мыжырайған қос қабатты үйлер мен ішкі қабырғасы жүнтіктеліп, көгеріп кеткен жер үйдегілеріне бір бөлмелі болса да бір-бір жаңа пәтер қажет.

Енді сәл шыдаса, ол да болып қалуы ықтимал екен. Қала билігі осыдан екі жыл бұрын елордамызда көппәтерлі 150 ескі үйдің бұзылатынын уәде еткен-ді. Оның орнына 600 мың шаршы метр жаңа үйлер салу жоспарланған. Жүзеге асуын жыл сайын ауысатын жаңа әкімдер бірінен соң бірі жалғастырар болса, жақсы-ақ бастама...

Еске сала кетсек, Елбасының еліміздегі шағын қалаларды дамытуға баса назар аудару керектігін айтып, Үкіметке оларды дамыту бағдарламасын жасауды тапсырғаны аян. Қазақстанда қазір 87 шағын қала бар. Олардың 41-і аудандардың әкімшілік орталығы санатында. Қалған 46-сы ғана аудан орталықтарына жатпайды. Бұлардың ішіндегі өндіріспен айналысатыны – 14 қала. Ал 19 шағын қала – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтіндер. Электр қуатын өндіретін 2, ғылыми-тәжірибелік орталық саналатын 3, сондай-ақ, емдеу-сауықтыру орталықтары қызметін атқаратын 3 қала бар. Алдағы уақытта бұл қалалардың коммуналдық салаларын дамытуға мемлекет қазынасынан 6 миллиард теңге бөлінбек.

Салыстырмалы түрде қарасақ, елорда орталығындағы 228 жаман үйде тұратындарға жаңа баспана беру үшін тек қала қазынасының өзінен 40 миллиард (!) теңгедей қаржы қажет болса, еліміздегі 87 шағын қалаға білдей бір мемлекеттің бюджетінен 6-ақ миллиард теңге аударылмақ! Неге десеңіз, бұл – бірінші кезекте баспана мәселесі шешілген халықтың жоғары жақтағы дорбаға қарап ауыз ашпайтынының дәлелі. Өйткені, кеше «өкімет өлтірмейді» дейтұғын қазаққа бүгінгі өкіметің «өз күніңді өзің көр» деп отыр. Ал өз еркімен сүйек-саяқ іздеп кететін итке де бір күрке керек қой, адам түгіл!..

Еркеғали БЕЙСЕНОВ