08.08.2019, 07:29

20 жылдан кейін: Қызылордада ер адам алғашқы махаббатына үйленді

Жасұлан қазіргі уақытта кішігірім кәсібі бар екенін айтты.

Қызылорда қаласының Жасұлан есімді тұрғыны жақында үйленгенін айтады. Өмірінде болған бақытты сәтті тағдырдың ісіне балаған азамат, 38 жасына дейін шаңырақ көтермеген. Бір қызығы, ол алғашқы махаббатына қосылған екен. Сүйіктісіне әрең дегенде қол жеткізген Жасұлан жан сырын KAZ.NUR.KZ сайтының редакциясына ақтарып салды.

Жасұлан қазіргі уақытта кішігірім кәсібі бар екенін айтты.

Көп жыл бойы "сұр бойдақ" атанған азамат "отбасын құрмаймын" деп те ойлаған.

70-тен асқан анасы баласы үшін үнемі уайымдап, алаңдап отырған көрінеді.

Алайда кейуананың тілегі қабыл болып, жуырда Жасұланның көптен күткен тойы өткен.

Қызылордалықтың айтуынша, басынан өткен махаббат хикаясы түрік сериалдарының сюжетінен кем түспейді.

 

"Менің жарымның есімі Гүлзинат. Екеуміз ауылда бірге өсіп, бір сыныпта оқыдық. Бала кезімде-ақ оған ғашық болатынмын. Екеуміз жақын дос ретінде араластық. Сабақтан кейін үйіне шығарып салатынмын, өзге балалар тиісе қалса, төбелесуге де дайын тұратын едім.

Мектеп бітіргеннен кейін екеуміз екі жаққа кеттік. Ол Ақтөбеге оқуға кетсе, мен Алматыға арман қуып жол тарттым. Өкінішке орай, жүректегі сезімімді уақытында жеткізе алмадым", - деді Жасұлан.

Арада көп уақыт өтсе де, қызылордалық азамат сүйіктісін ұмытпағанын айтты.

Өзге аруларға сөз айтпақ түгілі, қыздарға қырындап қарауды қаламаған.

Жаз мезгілін ауылда өткізуге тырысқан.

Алайда Гүлзинатпен жақынырақ араласуға еш мүмкіндік болмаған көрінеді. Сүйіктісі оқу бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып кеткен екен.

"Ауылға барған сайын Гүлзинатты көруді армандайтынмын. Үй жағында көп жүремін. Кездесе қалсақ, амандасудан әрі аса алмай қаламын. Жүректегі аруым өзге азаматқа тұрмысқа шыққанда қатты қиналдым. Жақындарым менің оған деген сезімімді білетін. Сол себепті оның күйеуге шыққанын мен кеш білдім. Осы жағдайдан кейін мүлдем ауылға қайтқым келмейтін болды", - деді қызылордалық азамат.

Тегтер: Қызылорда