10.08.2019, 07:33

Тісті қалай дұрыс тазалау керек?

Стоматолог пациенттер арасында қандай тіс аурулары жиі кездесетінін айтып берді.

Стоматолог-терапевт Роза Жетпісова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында тісті қалай дұрыс тазалау қажеттігін, тіс щеткасы қанша уақытта ауыстырылуы тиіс екенін және тілді не үшін тазалау керектігін айтып берді.  

Қандай тіс аурулары жиі кездеседі

Роза Жетпісова 1982 жылы Алматы қаласындағы жоғару оқу орнын бітірген. Еңбек жолын Көкшетау қаласынан бастапты. Ал 2000 жылы елордаға көшіп келеді. Қазіргі таңда қаладағы "Денсаулық үйі" медициналық орталығында еңбек етіп жүр. Ол 36 жылдан бері тіс емдейді.

Стоматолог пациенттер арасында қандай тіс аурулары жиі кездесетінін айтып берді.

"Маған келетін адамдардың арасында кариес, пульпит, периодонтит, пародонтоз аурулары жиі кездеседі. Бұл ауруларды емдемесе, адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Салдарынан адам тісінен айрылады. Тісі ауырған адамның мазасы қашады. Адам дұрыс тамақ іше алмайды, не жұмыс істей алмайды. Сондықтан ауруды емдеткеннен гөрі, ауырмаудың жолын іздеген абзал", - дейді тіс дәрігері.

Стоматологқа жылына неше рет бару керек?

Роза Жетпісованың айтуынша, тіс ауырмаса да, жылына екі рет тіс дәрігеріне қаралып тұру керек.

"Яғни жарты жылда бір. Бұл аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Осылайша, сіз қаржыңызды үнемдейсіз. Мысалы, тіс кариесі - өте жылдам жүретін ауру. Мұнда тістің эмалі тез бүлінеді. Тіпті, адам оның қалай бүлінгенін байқамай қалуы да мүмкін", - дейді тәжірибелі дәрігер.

Сонымен қатар стоматолог тісті қалай дұрыс күту қажеттігі жайлы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, күніне 2 рет тісті жақсылап тазалау қажет. Маман тісті ағарту үшін ас содасын пайдалану дұрыс дейді.

"Таңертең тұрған соң, беті-қолыңызды жуасыз. Осы сәтте аузыңыздан жағымсыз иіс шықпаса, сумен шайыңыз. Кейін таңғы асты ішкеннен соң, тісіңізді жақсылап жуыңыз. Тамақ ішіп болған соң, яғни ұйықтардың алдында тісіңізді жууды ұмытпаңыз. Күніне тісті 2 рет жуу керек. Түс кезінде тамақтанып болған соң, аузыңызды жақсылап шайыңыз. Тісіңізді ағарту үшін ас содасын пайдалану дұрыс емес. Тісті ағартатын паста болады. Соны пайдаланыңыз. Егер тістеріңіздің күтімі жақсы болса, асқазаныңыз ауырмаса, олар сарғаймауы қажет", - дейді маман.

Осы орайда ол тісті ағарту үшін тіс дәрігерінің ақыл-кеңесіне жүгіну қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар тіс жуып болған соң, тісті шаятын сұйықтықты пайдалану қажеттігін жеткізді. Бұл тістің қызыл иегін емдеуге көмектеседі.

Тілді не үшін тазалау қажет

Роза Жетпісова қазақстандықтарға неге тіс щеткасын жарты жылда бір ауыстырып тұру қажеттігін түсіндірді.

"Бұл тіс щеткасының сапасына байланысты. Алайда 6 айда бір рет ауыстырған дұрыс. Себебі, щетканың талшықтары тозып, оның сапасы төмендейді, әрі бұл тазалықтың бір түрі ғой", - дейді стоматолог.

Мамандар тіске қарағанда тілде өңез (налет) 50 есе көп жиналатынын айтады. Салдарынан ауызда жағымсыз иіс пайда болады. Тілдегі өңез әртүрлі бактериялардың қоректену ортасына айналады. Сондықтан мамандар тісті тазартып, тілді күтімсіз қалдыруға болмайды деген пікірде. Ал Роза Жетпісованың бұл мәселеге қатысты өз айтары бар.

"Адамдарға "тілді тазалау керек" деп кеңес беретініміз рас. Себебі, тілдің дәл ортасында өңез (налет) пайда болса, оны тазалау керек. Өңез болса, ол асқазанның дұрыс жұмыс істемейтінін білдіреді. Тілдің ортасы қызыл болуы шарт", - дейді стоматолог.

Ата-аналарға кеңес

Дәрігерлердің айтуынша,бүгінде балалар арасында тіс кариесі жиі кездеседі. Осы орайда 36 жылдық еңбек тәжірибесі бар стоматолог ата-аналарға өз кеңесін берді.

"Бала 3 жастан бастап тісін тазалай білуі қажет. Тісті қалай тазалау қажеттігін әрбір ата-ана өз баласына үйреткені абзал. Сондай-ақ баланы дұрыс тамақтандыру керек. Әсіресе, кішкентай балаға кока-коланы бермеу керек. Ол - ересектерге арналған сусын. Ыстық тамақтан кейін суық тағамды бірден жемеген жөн. Себебі, бұл тіс эмалінің зақымдануына алып келеді. Балалар таңертең, кешке күніне 2 рет тісін жууы қажет. Сау тіс – денсаулықтың кепілі", - дейді Роза Жетпісова.

Дәрігер жаңа тіс салғызу үшін стоматолог-ортопед маманның, ал брекет салу үшін стоматолог-ортодонттен консультация алу қажеттігін атап өтті.

Тегтер: стомотология