Мүгедек бала тәрбиелеп отырған он шақты адам 26 тамызда Ақорда алдына келіп, биліктен баспана мәселесін шешуді талап етті. Олар үй кезегінің баяу жылжитынына наразылық білдірді. Ақорда алдындағы наразылық шарасын жедел қимыл тобы бақылап тұрды, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Наразылар билік мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға баспана беруі тиіс деп санайды.
– Бірде-бір бағдарламамен баспана ала алмаймыз. Табысымыз жоқ. Қаншама бағдарлама болды, тек төрт отбасы баспана алды. «Берекелі баспана» бағдарламасымен үй бермеу үшін мың себеп тапты. «7-20-25» бағдарламасымен де үй алғымыз келген. Табысымыз жетпейді. Ал екі пайыздық үстемемен үй беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат өткізсек, табысымыз асып кетеді. Енді қайда барамыз? – дейді наразылар.
Ақордаға келген тұрғын Ақылбек Закрикчинов екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын айтады. Баласының біреуі – мүгедек. Ал әйелі қатерлі ісіктен қайтыс болған. Ол үкімет беретін 41 мың теңге баласының дәрісінен аспайтынын айтады.
– Әйелім бес жыл жүгіріп, қатерлі ісікке шалдығып, көз жұмды. Дәрігерлер жүйкесі сыр бергендіктен қатерлі ісікке шалдыққанын айтады. 11 жыл бойы жүрмін. Былтыр қала әкімінің орынабсары Асқар Әмрин «Зейнетақы жинағыңыз жақсартып, бағдарлама бойынша үй алыңыз» деген. Екі жерде жұмыс істедім. Енді барсам, «жалақыңыз көп, милионерсіз» дейді. Қандай миллионер? Балаларымды қара нан мен қара суға отырғызуым керек пе? – дейді ол.
Кейін наразыларға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова шықты. Ол индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүгедек баласы бар отбасыларға арналған баспана алу бағдарламасын жасап жатқанын айтты. Жақыпова көп балалы аналардың үй кезегі мен мүгедек баласы бар отбасылардың үй кезегі бір-біріне араласпайтынын жеткізді.
Осыдан соң Жақыпова наразыларды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне шақырды. Мұнда ата-аналармен министрлік өкілі Мархабат Жайымбетов кездесіп, жаңа заңда көп балалы аналарға басымдылық берілгенін растады, бірақ бұл мүгедек баласы бар отбасыларға еш әсер етпейтінін жеткізді.
– Баспананы бірінші кезекте мүгедек баласы бар отбасыларға беру туралы ұсыныс болса, парламент мақұлдаса, оны да қарастыруға болады. Қазір біреулер бағдарламамен үй алуға табысым жетпейді дейді, енді бірінікі асып кеткен. Бірақ мемлекет үлкен көмек жасап жатыр. Алты мың займ берілген. Үй алу туралы мың жарым өтініш бойынша оң шешім қабылданды, - деді ол.
Министрлік өкілінің дерегінше, соңғы алты жылда үй кезегі 300 мың адамға өскен. Ал арендалық баспана жылына он мың адамға есептеліп салынады.
Қазақстан заңы бойынша, пәтер алдымен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, одан кейін жетім балаларға беріледі. Ресми дерек бойынша, елде 63 мың жетім бала бар.
Биыл елде көп балалы отбасыларға бөлек кезек түзілген. Жайымбетовтің айтуынша, 31700 көп балалы отбасы үй кезегінде тұр.