Танымал әнші Мақпал Жүнісова қазіргі заманның балаларына да, ата-аналарға да көңілі толмайтынын айтты. Әншінің пікірінше, жастар жалқау, ал жұбайлардың арасындағы ұрыс-керіске ата-ана себепші екен, деп хабарлайды oinet.kz.
«Қазір көбінесе естіп жатамыз, қыз барған жерінде жігіттің анасымен тіл табыса алмай жатады. Көп ұйықтап үйренген қазіргі жастар. Еңбекке баулымаған, соның кесірінен деп ойлаймын», - дейді әнші.
Әнші бұрынғы заман мен қазіргі ғасырдың заманын салыстыра отырып, айырмашылық ата-ананың берген тәрбиесінде деп қорытындылады.
«Біздің заманның жастарын ата-анасы ерте тұрғызып, үйдің тірлігіне, даланың тірлігіне, барлығына үйреткен ғой. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сияқты. Сондай еңбекпен өскеннен кейін, сол заманда түскен келін де таңертең ерте тұрудан жалықпайтын, күні бойы үйдің тірлігін жасап, баласын да туып үлгеріп, оған қарап үлгеріп, ата-енесінің жағдайын жасайтын біздің кезде», - деді жас кезіндегі заманын еске алған әнші.
Мақпал Жүнісова қазіргі заманда қатігездік көп екенін айтып өтті. Сондай-ақ екі жастың дәм-тұзының жараспауына ата-ананы да кінәлайды.
«Енесі қатты сөз айтса, соны көтере алмай қалады. Кім кінәлі? Ата-ананың өзі кінәлі. Ата-ана «қызым-ау, сенің барар жерің басқа, ертең барған жеріңде ерте тұрып, ата-енеңнің жағдайын жасап, күйеуіңнің жағдайын жасамасаң, қайтып ораласың» деп осы күннен бастап қызды солай тәрбиелеу керек», - дейді Мақпал Жүнісова.