«Қазақ «айтпа» деген жоқ қой. «Айтпаса сөздің атасы өледі» немесе «Ауруын жасырған өледі» деген сөзі бар», – дейді журналист Әсел Ергешқызы. Бүгін Stan.kz тілшісіне сұхбат берген ол, өзінің жыныстық қатынас тақырыбын көтеруіне 12 жасқа толмағандардың жүктілігі, түсік, белсіздік пен бедеуліктің көрсеткіші себеп болғанын айтқан. Осы арқылы қазақтардың төсек қатынасы туралы сауаттылығын арттырып жүрмін деп есептейді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бір кездері экран алдында мүшеқап ашып, көпшіліктің сынына қалған тележүргізуші бағдарламасын қазақ қоғамына қажет деп ойлайды. Сұхбатта ол қоғам жыныстық тәрбие, сауаттылықты тек тұспалдап жеткізуге әдеттенгенін, ашық айтуға ұялатынын жеткізген.
«Жыл сайын белсіздік пен бедеуліктің статистикасы артып келе жатыр. Бірақ бізде оның алдын алуды, сақтануды ұсынатын бағдарлама жоқ. Денсаулық сақтау министрі мектептерге тегін мүшеқап тарату керек десе, өре түрегелеміз. Неге мұндай шешім қабылдады екен деп себебіне үңілмейміз», – дейді сіз бен бізге секс үйретуді көздеген әріптесіміз.
«Жыныстық сауатымыз өте төмен!» – деп қынжылған Әсел алдымен үлкендер өздерінің жыныстық сауатын арттырып, содан кейін оны балаларға үйретуі қажет деген пікірде. Оның ойынша, тіпті, балаларға жыныстық тәрбие 2-3 жастан бастап берілуі тиіс екен. «Қателіктің» «сен қызсың, мынау болмайды», «Сен ұлсың, қуыршақпен ойнама, анаңның бояуын ұстама» деуден басталатынын түсіндірген. Сондай-ақ, жыныстық сауатты физикалық тұрғыдан арттыруды 11-12 жастан бастаған дұрыс екен. Мұның себебін өзі 11 жастан бастап балада түрлі қызығушылықтардың пайда болуымен байланыстырады. Мәселен, сыныбындағы қызды сүйіп кету, қызға қызығу, апайына ғашық болу, т.б.
Бағдарлама турасында жұртшылық тарапынан «Одан да порно сайтын жасамадыңдар ма?», «Ақша табу үшін неше түрлі тақырыпты қозғайтын болды», «Әйел мен еркектің жыныстық мүшелерін сөз қылудан ұялмайсың ба?» деп жазылған пікірлерге мән бермейтінін, мұндайларды «Диванның батырлары» дейтінін ашық айтты.
Жалпы, Әсел Ергешқызы қатардағы журналист қана емес пе еді? Біреуге төсек қатынасынан тәжірибе үйрететін деңгейге қашан көтеріліп алған? Сексология саласынан аздап хабары бардың бәрі осылайша шала сауатымен кіндіктен төмен тұсты ашық әңгімелей берсе (әсіресе, әйелдер жағы), ұлттық менталитетіміз азғындықтың тасасында қалып қоюы мүмкін-ау...