Еліміздегі мектептердің алдында ақылы автотұрақтар пайда болды. Бұл туралы бүгін белгілі журналист Жылбек Сенбекұлы facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Көлігімді балам баратын мектептің алдына қойғаным үшін қаланың қазынасына емес, бір байшыкешке ақша төлеймін. Менің көлігімнің қауіпсіздігіне, тоналмауына бұл А-parking жауап бере ме? Ақыны не үшін төлеймін? Айналайындар-ау, Алматының көшелерін де сатып алдыңдар ма?» – деп ашынады, ақылы тұрақты суретке түсіріп алған жазба авторы.
Жазбаны оқыған көзі ашық, көкірегі ояу өзге әріптестер де бұл мәселеде үнсіз қала алмады. Автордың жоғарыдағы «Алматының көшелерін де сатып алдыңдар ма?» – деген сұрағына «Алматыны ғана емес, мемлекеттің асты-үстін түгел», – деген жауап жазды Жарас Кемелжан.
Ал Насихат Набиолла: «Мектеп пен мекеме алдын ақша жасайтын орынға айналдыру – шектен асқандық. Онсыз да айлығы шайлығына жетпей жүрген халықтың қалтасына салмақ сала берудің арты жақсылыққа апармасы анық», – десе, Мұрат Әбуғазы: «Бұрын арнайы автотұраққа төлейтін едік. Енді жолдың шетінің барлығын ақылы қылып тастағандары өте орынсыз жайт», – деп реніш білдірді.
Осы орайда, Жолымбет Мәкіш, тіпті, «Шынымен, қиратып тастау керек. Бір есек ақша жасап отыр ғой», – деп ашық кеткен. Нур Абд есімді желі қолданушы да: «Сол, ұры-қары қанды ішті, ауадан ақша жасап», – деп ашуланса, журналист Жазира Бегалы: «Көшелерді иеленіп, күшті бизнестің құлағын ұстаған кім екен? Ешқандай қауіпсіздікке жауап бермейді», – деген ой тастап отыр.
Бұнда айқын аңғарылып тұрғандай, ешкім де көрінген аулада ақылы автотұрақтардың қаптап тұруын құп көрмейді. Осылайша, көпшіліктің үзілді-кесілді қарсылық танытуына ұйытқы болған жазбасына Жылбек Сенбекұлының өзі де «Байбек алған байталды Бақытжан келіп қайтарса» жөн болар еді», – деген пікір қалдырды.
Иә, енді оған қатысты жергілікті билік не айтар екен?