Астанадан 15 шақырым қашықтықтағы Жібек жолы ауылы 3-ауданның 50-ден астам тұрғыны жергілікті билікке наразылық білдірді. Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты ауыл елорда маңына жақын орналасқанына қарамастан газ, су, электр қуатымен толық қамтылмаған. Ауыл ішіне қатынайтын «Такси Жібек жолы» атты тұрғындарды ақылы тасымалдайтын көлік желісі бар екен, деп жазады «Жас Алаш».
Ескі «Жигули» көлігін тізгіндеген Әдихан Нұржанов есімді азамат та 3-ші аудан тұрғыны. Ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырған ағамыз қыс келсе болды, халыққа қалаға қатынау бейнетпен тең дейді.
«Осында тұрып жатқанымызға 10 жылға жуықтап қалды. Ауыз суды әркім өз есігінің алдынан 5-6 метр тереңдіктен қаздырып алып ішеді. Тоқ көзі атымен жоқ. Бір жекеменшік серіктестік тоқты үзіп-үзіп береді әйтеуір. ХХІ ғасырда бұл күлкілі жайт қой. Ең басты мәселе – жол. Қыста қалың қардан ауылға көліктер де кіре алмайды. Беті ашық жатқан шұңқырлар көп. Ойнап жүрген балаларымыз түсіп кетеді-ау деп зәре құтымыз қалмайды. Көбі ауыл әкімін кінәлайды. Шындығында ауылдың әкімі отырып алмай, өз мүмкіндігінше көмек беріп жүр. Барлығы жоғары жақтан ғой», – дейді ол.
Әкімдердің берген уәдесінен шаршадық деген тұрғындар қыс мезгілі жақындаған тұста ауыл көшелеріне жол төселмегендіктен, тұрғындарға мектеп, аялдамаға қатынау жылдағы бас ауруымыз дейді. Наразылық шарасын өткізген Жібек жолы ауылының 3-ші ауданына 800-ге жуық адам қоныстанған. Жұмыстар тезірек атқарылуы үшін тұрғындар Президент әкімшілігі мен Мәжіліс және Сенат депутаттарына арыз жолдағалы отыр.
Әзірге 40-тан астам отбасы қол қойған. Ауылда өркениеттен қалмаған бір үй болса, ол – бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің саяжайы дейді жұртшылық.
«Саяжай үлкен жолдың бойында орналасқан. Тоқ, су, газ, барлық жағдайы жасалған. Кірпіштен өріп, биік етіп қоршап тастаған. Қанша жылдан бері осында тұрамыз, қоршаудың іші қандай екенін көргеніміз жоқ. Есігінен сығалап көріңіз әуелі», – дейді ауыл тұрғыны Динара Темірғалиева.
Тұрғындар наразылығын тыңдап, мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін Аршалы ауданының әкімі Талғат Мұхаметжанов наразы жұрттың алдына келді. Әкіммен қоса 1 полицей келіп, өзінің тыныштықты қадағалау үшін тұрғанын айтты. Аудан басшысы 2019-2020 жылдарға жоба құрылып, жалпы Жібек жолы ауылына жол төсеу, электр қуатын жүргізу, су тарту мен мектеп құрылысына 5 млрд 700 млн теңге бөлінгенін айтып, осы уақытқа дейін жұмыстың 20 пайыздан астамы аяқталғанын баяндады.
Дегенмен, наразы тұрғындар бұл мәліметтерге күмәнмен қарайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, қазіргі аудан әкімінен бұрын сол қызметті атқарған азамат 2017 жылы ауылдың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы негізінде жоба жасақтаған. Бірақ әлі күнге дейін ауылға қарасты 3-ші ауданның жағдайы өзгеріссіз дейді. Мектеп Нұр-Сұлтан-Қарағанды жолының арғы бетінде орналасқан. Аялдама аталған ауданнан шамамен 3 шақырым жерде. Ауыл әкімі Ғабдулғайып Рыспаев ережеге сай жол төселмейінше арнайы автобус аудан тұсынан қалаға қатынай алмайтынын айтып отыр.
Наразы жұртпен тілдескен аудан әкімі Талғат Мұхаметжанов пен ауыл әкімі Ғабдулғайып Рыспаев жуырда ауылдың аталған ауданының жолдарына құм төсеп, электр қуатын тарту үшін бағандар орната бастайтынын, келесі жылы жоба түгелімен бітіп, тұрғындарға жағдай жасайтынын айтқан соң барып жиылған адамдар тарқады.