Қазақ спорты салафизм бағытын ұстанатын топтың ықпалынан шыға алмай жүр. Бұл туралы белгілі өнер қайраткері Ерлан Төлеутай facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Өзбектің боксында дін жоқ, рух бар, қазақтың спортында дін бар, рух жоқ!» – деп ашып әрі ашынып айтқан ол, еліміздегі спорттың көп түрі сол «қауға сақал, шолақ балақтылардың» қолында кеткенін алға тартқан.
«Спорт саласын салафизм идеологиясынан тазаламай, көсегеміз көгермейді. Әсіресе, күрес, бокс, ұлттық ойындар, т.б. спорт түрлері уахабиттердің қолында. Олар қазақ спортын рухынан, яғни аруағынан айыруда. Түбегейлі шаралар қолданбаса, қазақ спортының болашағы бұлыңғыр», – дейді одан әрі.
Сөз астарынан жазба авторының кімдерді меңзеп отырғанын білу қиын емес. Ең маңыздысы, шынымен де шаршы алаңның шаңын шығарып, боз кілемде буырқанып, татамиде тепсініп жүрген қазақ спортшыларының жақ жүндері үрпейіп, көздері шүңірейіп, табиғи ұсқындары өзгеріске ұшырай бастағаны рас. Өйткені, аталған ағымға кіргендер елден ерекшеленіп жүру үшін осылайша өз орталарына лайық «түр жасап» алатыны айта-айта ақжем, жаза-жаза жауыр болған.
Енді оқырман назарына желі қолданушыларының осы жазбаға қалдырған пікірлерін іріктеп ұсынсақ...
Мысалы, Асылбек Байтанұлы: «Мынау жарық дүниеге салқынқанды, суық, тәркі жүзбен қараған бауырлар кезекті жеңісін елімен жарқырай бөлісіп, жадырай алмай қабарып, түсіп кететіні жаман екен. Шынайы жақтасайын десең, түрі мен ділі дінінің сарынын анық білдіріп тұр, жақтаспайын десең, бойындағы қаны мен таңба, туы өзіңдікі. Аруағы қозбайды біртүрлі», – дейді. Ал Бейсенғали Көкей: «Күрес пен бокс екеуі де діннің шырмауына түскен. Жеңіліп қалса, «Алланың қалауы шығар» деп ақталу. Қит етсе болды, «Алла қаласа» деп, өзіне емес, Аллаға иек артқандар көбейді, кейбіреуінің сақалдары қауғадай болып. «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деген ата-баба ұстанымы бұларда жоқ. Ерік-жігерін дін жеп қойған» деп жазған. Реті келгенде, Нур Абд есімді желі қолданушы да: «Жарысқа барып, шаршы алаңға күш-қуат алып шығар алдында «мен оразамын, бұзуға болмайды» деген нақұрыстық идеялогиясын қайтесіз сол спортшыларымыздың?! Дінге беріктік онымен өлшенбейтінін сәләфтардың тас миларына сыйдыру мүмкін болмай тұр. Ауқаттанып, қуаттанып рингке шықпасаң, атаңның басына жеңесің бе?!» - деп кіжінген.
Өзгелер де «Дін деген қазақтың өр рухын жалмап жеп жатыр, талай қолынан іс келетін қыран мінезді жігіттер сол жолда өзiн құрбан етіп жатыр, обал», «Көкіректегі оттарын өшіріп, шала бықсытуда» сарынында жазысып, бірауыздан авторға қолдау танытқан.
Сондықтан да Ерлан Төлеутай сынды елдің сөзін ұстаған, бірдеңені дәлелсіз айтпайтын азаматтардың жанайқайы жоғарғы жаққа жетуі керек-ақ.