$ 494.87  520.65  4.91

«Неге бұл Алаш Орданың қолынан келмеді?»: қоғам белсендісі ғасыр бойы өзгермеген құлдық сананы сынады

Тарихынан сабақ алып, ғылым қуған қазақ аз. Бірақ 30 жылда қаңғып келген түрлі дінді тез игеріп алдық. Шатырымыздың кеткені сонша, Сирияға соғысқа да аттанып жатқан азаматтарымыз шыға бастады.
фото: otyrar.kz
фото: otyrar.kz

Белсенді Бауыржан Серікбаев бұл жолы facebook парақшасындағы кезекті саяси жазбасын Ататүрік пен Алаш зиялыларын салыстырудан бастады. Оның пікірінше, өткен тарихында дамуы шамалы болған қазақтың тәуелсіздік алған 30 жылда да сана трансформациясы дұрыс жолмен дамымаған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ататүрік европалық стандарттарға сәйкестендіріп жаңа Түркияны құрып жатқанда, Қазақстан жерінде Алаш Ордашылар Жапонияға еліктеп білім мен ғылымға сүйенген мемлекет құруды армандады. Түріктер секілді тәуелсіздігімізді сақтап қала алғанда бүгін технократтық елге айналған мүлдем жаңа Қазақстанда өмір сүрер ме едік?..

Сын сағатта Ататүрік түріктің басын біріктіре білді. Англия, Греция, Франция бастаған державалардың жойқын шабуылын ел болып Чанаккаледе тоқтата алды. Дипломатияға салып Стамбулды сақтап, мемлекетін құру қолынан келді. Неге бұл Алаш Орданың қолынан келмеді?» - деп ортаға ой тастайды жазба авторы.

Сосын оның себебін төмендегі мына бес негізге бөліп түсіндіруге тырысқан:

«1. Өкінішке орай Алаш Ордаға қарсы шыққан да өз қазақтарымыз болған. Бірлік болмады.

2. Түрік халқында Османлыдан қалған империялық сана болды. Ал қазақ халқы XX ғасырдың басында орысқа бір ғасырдай тәуелді болып, құлдық санаға еті үйренген еді.

3. Технология, ғылым мен білімнен қазақ халқы мақұрым болды. Біздің халықта ата-бабаларымыздан мирасқа қалған технология, білім күші болмады. Болса да заманға сай келмеді.

4. Ата-бабаларымыздың тым ұзақ уақыт мал шаруашылығынан аса алмауы, дүниенің бәрін малмен өлшеуі елдігінің түбіне жетті.

5. Алаш Орда әбден орыстар елімізге қоныстанып, әскерін тасымалдайтын темір жолын салып, бекінісін құрып, қалаларын бекітіп алғанда дүниеге келді. Тым кеш еді».

Оның пайымдауынша, негізі ғылым мен білімді игермеу қазақтың соры болған. Тарихта екі ғасырдан астам уақыт орысқа бодан болуымыздың басты себебі хат танымауымызда, ғылым мен білімге ұмтылмауымызда жатыр.

«Дүниені малмен өлшеп, сол заманда әлемнің даму барысын болжай алмаған надандығымыз басымызға таяқ болып тиді. Домбыраны сабалап, сал-серілер ел аралап, қонақ келсе бір жылқыны сойып жеп, оң мен солымызды танымай қалған елміз. Орыстан ғылым үйреніп келген, көзі ашылған зиялыларымызды да тыңдап, айтқанына ерген халық болмадық. Соңында оңбай опық жедік», – деп кейіс білдіреді одан әрі.

Автордың пікірінше, орысқа бодан болғанымыз, олардың ата-бабаларымызды қынадай қырып салуы тарихи факт болғанмен, соның бәріне ең алдымен өзіміз кінәлі екенбіз. Себебі, кезінде сол заманға сай білімді игермегенбіз. Орыс жерімізге темір жол салып жатқанда, қазақтың мұндай технология жасау түсіне де кірмеген.

«Кең далада атпен шауып жүріп, сол ат тұяғының астында жатқан темірден қару жасауды білмедік. Мұны жақсы түсінген орыстар өз жерімізден руда өндіріп, одан қару жасап, сол қарумен өзімізді қырып салды», – деп ой түйген Бауыржан Серікбаев, қазіргі заманғы даму даңғылына түсе алмай жатқанымыз да соның салдары екенін алға тартқан.

Осылай дей келіп, автор қазіргі қоғамға деген ашу-ызасын:

«Одан бері де талай заман өтті. Тарихынан сабақ алып, ғылым қуған қазақ аз. Бірақ 30 жылда қаңғып келген түрлі дінді тез игеріп алдық. Шатырымыздың кеткені сонша, Сирияға соғысқа да аттанып жатқан азаматтарымыз шыға бастады. Әнші, биші, актерлардан елге кумир жасап бердік. Бірақ ғылымға жоқ халықпыз. Бұрынғы тарихты қойшы. Өтті де кетті. Өкініштісі, бізде бергі 30 жылда да сана трансформациясы дұрыс жолмен дамымады. Әлі де сол 100 жыл бұрынғы тығырықтан шыға алмай келеміз», – деп түйіндеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары