Кеше діндар ақын Мұхамеджан Тазабековтің полицейлер алдында сөз сөйлеп, дінге және көшеге шыққан көпбалалы аналарға қатысты айтып қалған артық-ауыс пікірлері қоғам талқысына түсіп, қатты сынға ұшырады. Еске сала кетсек, алдымен журналист Мұхтар Түменбай facebook парақшасы арқылы ел-жұртты діни ағымдардың ықпалынан сақтап қалу жөнінде дабыл қаққан еді. Артынша белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай мен құқық қорғаушы Айгүл Орынбек те қарсы уәждерін білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мұхамеджан аға!
Қазақ жігіттерінің миы уланып, әр қарындасыңды талақ қылып, бір-біріне сыйлап жатқанда, неге осылай айтпадың?! Елдің еркектері елді дамытуды ойлап жүргенде, біздің еркектер балақ кесіп, намаз оқып, сіз бөліскен террористің уағызын тыңдап, Сириядан бір-ақ шықты. Егер сіз халықтың мұңын жырлап, жоғары жаққа дұрыс ақпарат жеткізгенде, мүмкін алаңда әйелдер жүрмес еді. Сіз сияқты елдің алдында жүрген қазақтың еркектері президентті «патша», «құдай» деп жағымпазданып, сарайға құл болмағанда, қазақ аналары үйде отырар еді. Иә, сарай сауысқаны болып отырып сайрау оңай!» - деп төтесінен бір-ақ тартты Айгүл Орынбек.
Оның пікірінше, қазақ әйелдері алаңға елім деген қазақ жігіттері қамалып, атылып, Тазабековтер сынды «бір адамға табынатын жағымпаздар» көбейген соң, амалсыз шыққан.
«Қазақ әйелдеріне ғана күші жететін еркектер көбейген соң, біздің ел жемқорлыққа толды. Қыздарымызды кез келген ұлт астына басты! «Қытайдан қорықпа, құдайдан қорық!» - депсіз. Құдай келіп сенің жеріңді, қарындасыңды, ұрпағыңды қорғап бермейді. Ол үшін сізге аяқ-қол берілген! Қарындасыңның арын бүгін қорғамасаң, бүгін алаңға шығып жатқан аналар ертең сол Қытайдың астында жатады!» - деп ашынады ол.
Сондай-ақ, заңгер өзінің Мұхамеджан Тазабеков сияқты «сауысқанша сақылдай алмаса» да, «патша» алдында елдің мұңын «дат» деп айта алатынын жеткізген.
«Қоғамдағы еркектердің жартысын улап, етектілермен айтыстырып қойғаныңыз аздай, енді полиция қызметкерлеріне кірістіңіз бе? Бұл елдің еркегі әйелдермен емес, билікте отырған тілін білмейтін, ұлтын сыйламайтын еркектермен күрескені дұрыс! Халықты жеп, сырт жаққа миллиондап тасып жатқандармен күрес!» - деген Айгүл Орынбек, ақынға қарсы жанайқайын тағы да «Егер қазақтың жігіттері мықты болса, қазақтың аналары алаңға шықпас еді!» - деп шегелеп тұрып түйіндеген.
Айта кетсек, бұл - қоғам белсендісінің Мұхамеджан Тазабеков пен еліміздегі түрлі діни ағымдарға қарсы айтқан бірінші сыны емес. Оның бұған дейін де қызу талқыға түскен осындай мәселелерде үнсіз қалмағаны анық. Енді одан гөрі діни сауаты басым Қайрат Жолдыбайдың жазбасын қаз-қалпында ұсынсақ:
«Мұқамеджан!
Әркім өзінің табиғаты мен сана-сезіміне қарай әрекет етеді. Адам не айтып, не істесе де өзіне істейді. Бірақ, өтініш, сасық саясатың мен жағымпаздығыңа асыл дінімізді араластырмашы! Ақсақалыңды сақалынан сүйреп, ақ орамалды әжеңнің құйымшағынан тебесің бе, ол – сенің шаруаң, сенің жеткен жерің. Қағбада адамдарға кедергі келтіріп, намаз оқығандарға полиция бір рет ескерткеннен кейін құйымшағын сындыра жаздайтындай етіп, құйрығынан қатты тебеді депсің. Тепсе адамгершіліктен айнып, патшасына табынып отырған саудияңдағы кейбір полицияларың тебетін шығар. Бірақ, мұндай айуандықты ислам тұрмақ, көкірегінде азғантай адамдығы бар кез келген адам жасамайды. Жасай да алмайды.
«Бұған бүкіл ислам ғұламалары пәтуа берген», - деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпсың. «Адамдарға кедергі келтіріп, намаз оқыған адамды құйымшағын сындыратындай етіп тебуге болады», - деген хайуани әрекетті қай ғұлама құптапты? Бүкіл ислам әлемі ғұламаларын былай қойып, бір ғалымның атын аташы! Айта алмайсың. Өйткені, бұл – қып-қызыл өтірік! Ендеше, діннің атын жамылып өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету – ауыр күнә!
Дінімізді сүйкімсіз етіп көрсетуге, халықты діннен бездіруге сенің қандай хақың бар?! Сасық саясатыңа, жиіркенішті жағымпаздығыңа дінді араластырмашы! Өтініш!».
Бұл – елге елеулі қоғам белсенділерінің қарсылығы. Әйтпесе, Мұхамеджан Тазабековтің кешегі күллі тәртіп сақшыларының назарын өзіне аудармақ болып, «артық қыламын деп тыртық қылған» әрекетін санасында саңылауы бар кез келген отандасымыздың құптамағаны анық. Оған осы екі күн ішінде-ақ түрлі әлеуметтік желілерде жарыса жазылған жазбалар дәлел.