04.10.2019, 17:20

«Мемлекет жаңа үйленгендерге 3 миллион теңге бөлсе...»: журналист жоғары жаққа ұсыныс жолдады

Той шығындарын адамдардың қалтасы көтере бермейді.

Елімізде жаңадан отау құрған жас жұбайларға бюджеттен 3 миллион теңге бөлу ұсынылды. Мұндай идеяны журналист және қоғам қайраткері Гүлжан Ерғалиева айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Ол өзінің Facebook әлеуметтік желісінде бір қазақ отбасының хикаясын жазыпты.

"Бір кедей отбасы қызын тұрмысқа беру үшін 3 миллион теңге несие алғаны туралы естідім. Жасау, құдаларға сый-сияпат сатып алып, 90-100 адамға арналған ұзату тойын жасау қажет қой. Соның бюджеті, міне, осындай", - деп жазады Гүлжан Ерғалиева.

Алайда отағасының тұрақты жұмысы жоқ екен, әйелі - мектепте еден жуушы. Алатын айлығы - 70 мың теңге.

- Сонда олар бұл несиені қалай төлемек? Оған қоса пайызы бар, - дейді журналист.

Ұқсас жағдайға көптеген қазақ отбасы тап болады. Той шығындарын адамдардың қалтасы көтере бермейді. Сол себепті Гүлжан Ерғалиева елде «той капиталын» енгізуді ұсынады.

"Егер мемлекет жас жұбайларға 3 миллион теңге мөлшерінде  «той капиталын» бөлетін болса, біз кедейленіп қалмайтын шығармыз?", – деп жазады ол.

Сондай-ақ, ол мұндай қаражатты тек алғаш рет отау құрып жатқан жастарға ғана беруді ұсынды.

Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі бұл идеяны қолдамады.

Тегтер: Жас жұбайлар