Сириядағы соғыс отын көрген балалар ауыр психологиялық жарақат алып оралады. Балалардың мінез-құлқы туралы теолог, дінтанушы, Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Серікжан Еншібай айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
Теологтың айтуынша, бұл балаларды қалыпты қоғамға қайтару үшін жылдар бойы кешенді психологиялық жұмыс қажет. Сирияға барғандардың көпшілігі радикал сәләфизм ұстанымын ұстанады.
«Туғалы радикал сәләфизм бағытында тәрбиеленген балалар тіпті өздерінің әке-шешесінен қауіптірек. Егер ол дінге 20 жаста, мектептен кейін кеп жатса, ол адамды қоғамға қайтару оңай. Ал радикал сәләфиттік бағыттағы отбасында ой еркіндігі шектеледі. Олар екінші, болуы ықтимал, балама бағыттарды мүлде қарастырмайды. Зерттеп, талдау, анализ деген тіпте жоқ. Балалар да сол тәрбиемен өседі. Болашаққа өте қауіпті болуы мүмкін. Мемлекет баса назар аударуы керек. Балалармен көбіне психолог мамандар жұмыс жасаса, нұр үстіне нұр болар еді», - деді Серікжан Еншібай.
Дінтанушының айтуынша, Сирияда бастан кешкен өмірі баланың ойынынан да көрініс табады. Ол практикада мұндай оқиғалармен жиі кездескен.
«Сириядан келген балалардың ойын ойнап отырғанын қарасаңыз, ойға қаласыз. Олар қуыршақтың басын кесіп, аяғын сындырып, бауыздап ойнайды. «Атып өлтіремін» деген сөзді айтады. Оны айтқан балада жазық жоқ. Ол нені көрді, нені естіді – соны істейді. Бірақ, баламен жұмыс жасау оңай. Ойындарын қайта өзгертіп, басқа нәрселермен қызықтыру сынды кешенді амалдарын табу керек», - деді ол.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова хабарлағандай, бүгінде 506 бала Сириядан қайтып келді. Қазіргі таңда елімізде жасөспірімдерді қолдауға арналған 15 әлеуметтік-психологиялық, құқықтық орталық жұмыс істеп тұр. Оларда стационарда тәулік бойы 14 баласымен 4 ана жатады. Қалғандары – күндізгі стационарда. 254 балдырған мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Яғни, олар балабақшаларға барып жүр. Мектептерде 153 бала оқып жатыр.
Сондай-ақ, тұл жетім қалған 33 бала арнайы мекемелерге таратылды.
Арасында сол жақта туған, қазақша, орысша мүлде білмейтін аралас некеден туған балалар да бар. Қазір олармен мектеп психологтары жұмыс жасап жатыр.
«Бұл балаларды оқшаулауға мүмкіндік бермеуге тырысамыз. Өздерінің ұлттық құндылықтарына махаббаты оянсын деген мақсатпен Нұр-Сұлтанға, тарихи музейлерге экскурсия жасаймыз», - деді Серікжан Еншібай.
Ал балалар психологы Наталья Санарова 9 жасқа дейін балада критикалық ойлау қабілеті болмайтынын айтты. Яғни, балалардың әр көргені түпсанасына жазылады.
«Бұл, ертеңгі күні оның болашақтағы мінез-құлқына, өміріне қатты ықпал етеді. Балалардың әрқайсысымен психологиялық жұмыс жасалуы керек. Әлбетте, балалар стресс алған, тілді түсінбейтін ортаға келген, көп қантөгіс, агрессия көрген. Тіпті, жастайынан ата-анасынан айрылған. Ауыр психологиялық жарақат алып келген. Егер мұны өз бетімен жіберсек, біз қоғамға сіңе алмайтын агрессивті ұрпаққа тап боламыз. Ремарктің «3 товарища» туындысында Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң қоғамға бейімделе алмай, сыртта қалған тұтас ұрпақ туралы айтылады. Бұл жағдайда да тура солай болуы ықтимал. Бұл балалар да ертең қоғаммен байланыс таба алмауы мүмкін. Немесе конфликтілік жағдайға әкеледі», - деді Наталья Санарова.
Психолог балаларды қорқыныш пен күйзелістен арт-терапия, тыныс алу гимнастикасы, құммен ойнау сияқты ойындар шығаруға көмектесетінін айтты.