$ 494.87  520.65  4.91

«Жөн-жосықсыз тыйымдар төзімімді тауысты»: хиджаб кимегені үшін әкесінен таяқ жеген қыз көмекке зәру

Ақмола облысына қарасты Зеренді ауданындағы мектеп оқушысы мемлекеттік органдардан араша сұрайды. Себебі, оған әкесі мәжбүрлі түрде хиджаб кигізіп, бес уақыт құлшылық қылуға итермелеп жүр екен. Тіпті, әбден теперіш көрген қыз сабақтан соң үйіне баруға да әбден қорқатын сияқты.
фото: kavkaz-uzel.eu
фото: kavkaz-uzel.eu

«Әкемнен таяқ жедім» деп құзырлы органдарға шағымданған қыздың жасы 15-те екен. Зеренді ауданына қарасты білім ордаларының бірінде 9 сыныпта оқиды. Хиджабты күшпен кигізбек болған әкесінің қорлығына шыдамаған жасөспірім бар шындықты мектеп басшылығына жайып салған. Ал оқушының анасы әкесінен күнде таяқ жейтінін растаған жоқ. Керісінше, перзентінің бұл әрекетін өтпелі кезеңге балап отыр, деп хабарлайды Stan.kz,  «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Біз ешқандай сектада емеспіз. Балаға қысым көрсетіп ұстаған адам емеспіз. Еркіндік бердік деген секілді. Тек қызымның бір қателігі, ұялы телефоннан көріп, ойына келгенін істегісі келді. Бар болғаны сол», - дейді оқушының анасы.

Өз кезегінде білім басқармасындағылар қазір істің анық-қанығын зерделеп жатқанын айтады. Қыздың таяқ жегенін растау үшін кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын полиция сот-сараптамалық сараптама жүргізіпті. Егер қатыгез әкенің кінәсі дәлелденсе, оны ата-ана құқығынан айыру жағы да қарастыралмақ.

«Бізде ҚР Отбасы және неке кодексіне сәйкес, болған жағдайдан кейін, ата-ананың мүддесі мен баланың мүддесі қарама-қайшы келгендіктен, ата-ананы уақытша ата-аналық құқығынан шектеуіміз керек», - дейді Зеренді аудандық білім бөлімінің бас маманы Жадыра Ділдәбаева.

Бүгінде жасөспірім Көкшетау қаласындағы оңалту орталықтарының бірінде. Әкесінен қатты қорқып қалғандықтан, отбасын көргісі келмейтінін айтады. Ал оның денсаулығын басты назарда ұстап отырған мамандар оның жағдайы уақыт өткен сайын жақсарып келе жатқанын айтып отыр.

«Қыздың шағымы бойынша, ол отбасында тұрғысы келмейді. Қазір ата-аналары баланы көруге келіп тұрады. Алайда, қыздың психикасына ондай жағдай кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан уақытша көріспегендері дұрыс», - дейді психолог Надежда Дербак.

Дін өкілдерінің сөзінше, қазақстандықтарға тән емес ағымды ұстанатын кей ата-аналар орамал тағу жөнінде перзенттеріне қысым көрсететінін айтады. Сондай-ақ, діни міндеттемелер бала балиғат, яғни, кәмелет жасына жеткен кезде ғана жүктеледі деген пікірде.

«Егер мектеп, оқу орындарының ішкі тәртібіне, болмаса, мектеп формасына, киім кию үлгісіне қайшы келмесе, шама келгенше ұятты жерін жауып жүргендері дұрысырақ болады», - дейді «Науан хазірет» мешітінің наиб имамы Азамат Құсайынов.

Ал әкесінен қорлық көрген қыз өз құрдастарымен араласқанды қалайды. Солар секілді киім киіп, емін-еркін жүргісі-ақ келеді. Үйдегі жөн-жосықсыз тыйымдар әбден төзімімді тауысты деп отыр. Ал кәмелетке толмаған баланың алдағы тағдыры не болатынын құзырлы орган шешеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары