Бүгін Алматы қаласы №130 балабақшасының тамағынан құрт шықты деген ақпарат «Жұлдызша» ересек балалар тобының тәрбиешісі Жанерке Абдулхамитқызынан келіп түсті, деп хабарлайды adyrna.kz.
Тамақтан ауырған тәрбиеші: «Біздегі компот, күріш, ұн өнімінен жасалған барлық тамақта майда-майда құрттар өріп жүр. Бұрындары мән бермеуші едім. Бірақ, құртты жеп отырған тамағымнан 2-3 рет алып шыққаннан кейін көзім жетті. Түскі аста сорпа беріп еді. Соны ішіп, 2 күн бойы аурудан көз ашпадым», - дейді.
Егер тәрбиешінің айтқаны шындыққа негізделсе, онда кішкентай ғана бөбектердің жағдайын елестету тіптен қорқынышты.
«Тамақтан құрт шыққанын неге кешіктіріп хабарладыңыз?» - деген журналист сұрағына: «Жұмыстан 20 күннен кейін шығатын едім, тыныш кетуді ойладым», - деп жауап берді.
Жанерке Абдулхамитқызының жүзі сұрланып кеткеніне қарап, мәлімдемесі рас-ау деген ойға келесің. Алайда, №130 балабақшасының меңгерушісі ақпаратты 100% теріске шығарып отыр. Меңгеруші Гүлмира Қабдрахманованың айтуынша, тамақтардың сапалы болғаны соншалық, күнде ата-аналар келіп, алғысын айтып кетеді екен.
Қалай болған күнде де, санитариялық-эпидемиологиялық орталығы №130 балабақшасын қатаң тексеруден өткізуі керек. Әйтпесе, балалардың денсаулығына үлкен нұқсан келгелі тұр.